Қарекең (әңгіме)

0

Әбіш абыздың бұл сөзі Қара­тай Тұрысов туралы жазған «Өз бақытын өзі сомдаған» атты ма­қа­ласынан алынып отыр. Айт­са айт­қандай-ақ. Қалай «қайсар ұр­пақ» демесін, егер кейіпкері ал­­ты жасқа да толмаған шағында өзі­­нен екі жас ересек балалармен жа­ғаласып, мектепке барса, мұ­ғалімнің «Әлі жасың толған жоқ» де­геніне қарамай, класта тапжылмай отырып алса; анасы: «Қой, қалқам, буының бекіп, бұғанаң қатқан жоқ» десе де, «Немене, бұ­ғанамды тексеріп, оқу деген тө­белес пе екен, оқу деген оқу емес пе?» деп, бетінен қайтпаған сол бала келесі жылы бірінші клас­тың үздік оқушысы атанса; со­ғыс жылдарында тылдағы ерен ең­бегі үшін медальді бір алған, оқу­дағы үздіктігі үшін медальді екі алған сол бала он алтыға да жа­сы жетпей жатып, талқанын дор­баға түйіп, жер түбіндегі Мәс­кеуге аттанса; жұрт аңыз етіп ай­та бастаған Қаныш ағасының ма­мандығын таңдап, сондағы Гео­логиялық барлау институтына түсіп, геолог болып бір-ақ шық­са, жылдар өте келе өзінің тірмізік тірлігіне де, әкесінің еті тірілігіне де өзі таңданып, «Сонда әлі 16-ға да толмаған мені қияндағы Мәскеуге қорықпай жіберген әкем батыр екен деп ой­лаймын» деп ойласа… Қалай «абыройлы ұрпақ» демесін, егер кейіп­кері геолог қайласын қолға ұс­тап, Сарыарқаның сайын даласын кезіп жүрген романтикаға толы жас шағында Көктасжал деген жерден аумағы орташа деп танылған, құрамында алтыны бар мыс кен орнын ашса; сол еңбегі еленіп, жалын атып тұрған жігіт партиялық жұмысқа шақырылса, онда тез өсіп, ақыры отызға жаңа тол­ған тұсында Қаражал деген қаланың партия комитетінің бірінші хатшысы болса; ол қыз­метті алты жыл бойы абыроймен атқарып, Мәскеуге тағы аттанса, Кеңес Одағы Коммунистік пар­тиясы Орталық комитетінің жа­нындағы Жоғары партия мек­те­бінен ысылып шығып, Торғай тө­сінде жаңа құрылып жатқан облыстың өнеркәсіп жөніндегі хатшылығына кіріссе; Арқа жұр­тының алғысын арқалап, абы­ройға бөленіп жүрген жерінен Мәс­­кеуге тағы аттанса, КСРО Ми­­­нистрлер Кеңесі жанындағы Халық шаруашылығы ака­де­мия­сында оқып, экономика­ ғы­лым­дарының кандидаты дәре­жесін алып шықса…

Осы арада бір дамылдайық. Қа­зірге дейін-ақ Мәскеуді үш рет ауызға алып үлгердік. Бұл қа­ланың Тұрысов тағдырындағы ор­­ны үлкен. Геологиялық барлау институтында, Жоғары пар­тия мектебінде, Халық шаруа­шылығы академиясында оқыған жылдары – Қаратай Тұрысов өмірінің ерекше белестері. «Мені өмір бойы оқып өту керектігіне осы жер үйретті», деп жазды ол өзі­не берік білім қорын жасап, кі­сілік қасиет қалыптап берген оқу, ғылым, мәдениет ордасына деген шәкірттік сезімін, адамдық алғысын алғаусыз ақтарған «Мәскеу менің өмірімде» атты эс­сесінде. Экономист қаламынан шыққан дүниені «эссе» дегенге таңданбай-ақ қойыңыз, ол шынында да нағыз эссе. Басқа жағын былай қойғанда, тілінің өзіне та­лай қаламгер қызығарлықтай. «Мос­ква – днем суетная, шумная, совсем не чинная, как поло­жено быть всем столицам, ночью спокойная, шуршащая шинами пролетающих по умытым улицам машин, величавая, державная…», деп жазады автор. Түнгі тыныштықты жуыл­ған көшемен жүріп өт­кен мәшине доңғалағының су ша­шыратқандағы шуылы ғана бұ­зып тұрғанын естігендей емес­сіз бе? Елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар­да Мәскеу күні расында да аласа­пыран болатын. Күні аласапыран болмай да қайтсін, анау да де­фицит, мынау да дефицит, қай­да барсаң ұзақ-шұбақ кезек, дү­кеннен дүкен қоймай безектеп бара жатқан қалалықтар мен қо­нақтар… Түні тыныш болмай да қайтсін, сағат сегізден кейін дү­кендер жабылса, сағат он бірден кейін ресторандар жабылса, ең­ бастысы – жұрттың бойында қазіргі кешкі сенделістің, түн­гі сандалыстың әдеті атымен болмаса, уақыты келгенде адам­дардың бәрі дерлік ертеңгі жұ­мысын, сабағын ойлаумен ұйқыға бас қойса… 

Мәскеуді қадалыңқырап ай­­тып отырғанымыздың мәні мы­на­да – Қаратай Тұрысов тын­­дырған ірі істердің түп-та­мырында ол кісінің іргелі бі­лімнің иесі екендігі тұрады. Мұн­шама мол білімнің бәрін Қаре­кең Мәскеудің ең үздік оқу орындарынан алған. Соның ішін­де КСРО Министрлер Кеңесі жа­нындағы Халық шаруа­шы­лығы академиясында оқыған ке­зеңін бөле айтқан жөн. Бұл оқу орны өз заманы үшін үлкен экономикалық реформалар жа­сау­ға ұмтылған аса көрнекті мем­лекет қайраткері, Үкімет бас­шысы А.Н.Косыгиннің жеке бас­тамашылығымен, жоғары буынды кадрлар дайындау мақсатымен құрылған еді. Сонан да ауызекі сөзде Академияны «министрлер мек­тебі» деп те атай беретін. Оны алғашқы бітіргендердің то­бынан үш бірдей одақтық ми­­нистр шыққан екен, ал рес­публикалық министрлер көп шы­ғатыны болса-болмаса белгілі ғой. Бұл оқу орнында жоспар мен нарықты үйлестіруге алғаш рет әрекет жасалған-ды. Бүкіл Одақ­тың ауқымды ғылыми және кадр­лық әлеуеті жұмылдырылған Ака­­­­демияда Л.И.Абалкин, А.Аганбегян, Н.Мельников, Н.А.Некрасов, Н.П.Федоренко сияқ­­ты елдің ең ірі ғалымдары лек­ция оқитын, тыңдаушылар ал­дында барлық одақтық министр­лер, КСРО Министрлер Кеңесі төраға­сының орынбасарлары ұдайы сөйлеп тұратын. Алдыңғы қа­тарлы шетелдік фирмалардың жетекшілері де шақырылатын. Қ.Тұрысов бір мақаласында: «Академия біздің алдымыздан әлемдік шаруашылық байла­ныстарына кең есік ашты. Тың­­­­даушылар экономикасы­ да­мыған елдерге баруға, олар­­дың­ тәжірибесін зерттеуге,­ са­­лыстыруға, бағалауға, біл­ген­түйгенін өздерінің ойына­ сі­­ңі­руге мүмкіндік алды. Бұл­­ жа­­­­ңаша құбылыс еді. Әсі­ре­­се,­ біздегінің бәрінің есігі тарс­ жа­­бық тұрған сол кез үшін! АНХ-да оқуымыздың тағы бір ерекшелігі болды. Біз бар­лық билік құрылымдарына, министр­ліктер мен ведомстволарға, Орталық статистика басқарма­сына, Мемлекеттік жоспарлау комитетіне, басқа да ведомство­ларға емін-еркін кіріп, етене сі­ңісуге жолы ашылған алғашқы тың­даушылар едік. Біз олардың қыз­метінің ішек-қарнын ақтара зерттей алдық. Мұның бәрі оқуы­мыздың сипатын бөлекше, қай­таланбастай дара ете түсетін», деп жазады.

Ұстаздарының бірі – акаде­мик Л.И.Абалкин кейіннен: «Қаратай Тұрысұлымен араласу мен үшін қашанда өте қыз­ғылықты әрі жеңіл еді. Ол кәсіби біліктілігі жоғары экономист болатын, біздің өзара тү­сіністігіміз Қаратай ВЦСПС хат­шысы ретінде Шаруашылық механизмін жетілдіру жөніндегі комиссияның жұмысына қатыс­қан кезден басталды, ол комис­сияны КСРО Министрлер Ке­ңесі Төрағасының орынбасары ре­тінде мен басқаратынмын. Ол шаруашылық механизмін қай­тадан құру, экономиканы бас­қарудың тиімді де икемді жүйесін жасау, одақтас республикаларды ілгерілете дамыту жөнінде көптеген құнды ұсыныстар ен­гізді. Мен Қаратай Тұрысұлына ерек­­ше құрметпен қарайтынмын. Ол менің жүрегімде дана, терең ой­лы саясаткер және жомарт жү­ректі, жарқын жанды адам ретінде әрдайым сақталады», деп еске алды. Бұл сөздер сілтеме кел­тіре салуға ғана оңай. Одақ Премьерінің орынбасарын, азуын айға білеген академикті бұлайша мойындату үшін қаншама білім, білік, адамдық айбын, кісілік келбет керектігін сол заманда қызметке араласқан адамдар ғана айқын сезіне алатын шығар. 

Қаратай Тұрысовтың бүкіл Одақ көлемінде абыройлы бол­­ғанының даусыз дәлелі – Бү­кіл­одақтық кәсіптік одақтар кеңесінің (ВЦСПС) хатшысы қызметін атқарғандығы. Бұл оның Мәскеуге төртінші рет баруы. Алдыңғы үшеуінде оқуға барса, бұл жолы қызметке барды. Қызмет болғанда қандай де­сеңізші! Оған дейін Мәскеуде мұндай биік лауазымға тек Тұ­рар Рысқұловтың қолы жеткен еді. Республикалық кәсіптік одақтар кеңесін басқарып, Қа­зақ­­стан Компартиясы Орта­лық комитетінің өнеркәсіп са­ласы­ бойын­ша хатшысы болып (1984 жылы Министрлер Ке­ңесінің Төрағасы қызметіне та­ғайындалған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына барған), қай жағынан да мол тәжірибе жи­наған қайраткер тұлғаның бұл лауазымды 1986-1990 жылдарда атқарғанын екпін түсіре айту жөн. Неге десеңіз, бұл кезең қоғамды қайта құрамыз деп жүргенде қолда барды қайтадан құртып, енді бұрынғыға да қол жете алмай қалған, демократияны демагогия алмастырып, әлеуметтік қақтығыстар бой көр­­­сетіп, ел еліріп тұрған бір кер ке­зең болатын. Беделден айырыла бас­таған компартия басшылығы бір­де олай, бірде былай сөйлеп, қа­жыған халықтың қитығына тиіп қалатын, онсыз да жүйкесі жұ­қарып жүрген жұртты ауық-ауық желіктіріп, желпілдетіп жіберетін. Әлгіндей әумесерлеу әңгіменің бірін КОКП Орталық комитетінің хатшысы Н.Никонов Владивостоктағы балықшылар конференциясында айтып қа­лады. Сол-ақ екен залдағы ба­лық­шы біткен ысқырып, еден тепкілеп отырып алады. Ар­тынша-ақ балықшылар ереуілі бас­талады. Ол жерге ВЦСПС хат­шысы Қаратай Тұрысов барады. Өмір көрген, елдің жағ­­дайын жақсы білетін адам ре­тінде ашынған азаматтармен абай­лап сөйлесіп, аңысын аңдып жүр­ген алғашқы күндерінде ереуіл комитетінің мүшелері Мәс­кеуде, Бүкілодақтық кәсіптік одақ­тар кеңесінің ғимаратында жиналады. Сол отырысты жүр­­гізіп жатқан Қ.Тұрысовқа кө­мек ретінде Үкімет басшысы Н.Рыжков өзінің орынбасары Бирюкованы, қаржы министрі Пав­ловты, ВЦСПС төрағасы Ша­лаевты жібереді. Бирюкова мен Павлов барысымен ереуіл коми­тетінің мүшелеріне артық-ауыс ақылдарын айта бастайды. Балықшылар ашу-ызаға қайта булығады. Сонда ғой біздің Қарекеңнің: «Бирюкова, Павлов, Шалаев жолдастар! Ко­митет жұмысын сіздерсіз жал­ғастырамыз, қабылданған шешім жөнінде хабардар етеміз. Залдан шығып кете берулеріңізге болады!» дейтіні… Аналар аңырған күйі залдан жылыстай жөнелген. Сол заман үшін бомбы жарғандай естілетін ондай сөздің сол заматта бүкіл елге тарап кететіні өзінен өзі түсінікті. Жиын тізгінін өзі қайта қолға алған Тұрысов сағаттар бойы ырғасып-ырғасып, ақыры ереуілшілерді келеге келтіреді. Сол отырыстан кейін Шалаев: «Каратай Турысович, однако вы нахал. Но одобряю. Вы совершенно правильно поступили», деп разылығын айтады.

Халық депутаттарының I съезінде Анатолий Собчак коо­пе­ративтерді салықтан босату туралы ұсыныс енгізіп, ол ұсы­нысқа қарсылық танытқан кә­­сіподақтарды қосымша саяси капитал жинағалы жүр деп айып­тағанда залдан: «Господин Собчак, вы зарабатываете не только политический капитал, но и иной капитал!» деген дауыс саңқ ете түскенін съезд жұмысын тікелей трансляция арқылы кө­ріп отырған бүкіл Кеңес Ода­ғы естіген. Ол дауыстың иесі Қа­ратай Тұрысов болатын. Қ.Тұ­­рысовтың Кузбастағы, Саха­линдегі, Воркутадағы айлар­ бойы созылған жұмысшылар ереуіл­­дері кезіндегі ерен қайраты, қа­­ғидатты мәселелерде қатып қа­латын табандылығы оны бүкіл Одақ көлемінде абыройға бөледі. Біздің Қарекеңнің сол тұста атағы қалай аспандағанын бір кездегі өзінің тікелей бастығы, ВЦСПС төрағасы С.А.Шалаевтың: «О его авторитете свидетельствует и тот факт, что К.Турысов, яв­­ляясь де­путатом Верховного Со­­­вета СССР, в 1987 году возглавил деле­гацию союзной страны на 42-й Сессии Генеральной Ас­самблеи ООН, где выступил с речью» деген сөзінен-ақ шамалай беріңіз. Шынында да, КСРО-дай алып елдің БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясындағы ресми делегациясын кәсіподақ басшысының орынбасары бастап барғаны, ел атынан әлем­­нің ең биік мінберінен сөз сөй­легені Қаратай Тұрысовтың ха­­лықаралық деңгейде де таны­луы­ның белгісі. Бұл оқиға кезінде Қазақстанның да абыройын асыр­ған. Қарекеңнің КСРО мен АҚШ арасындағы телекөпірге ел­ден қатысқан екі адамның бірі (бірі – Жоғарғы Кеңестегі Ұлттар Кеңесінің төрағасы, «Из­вестия» газетінің бас редакторы Иван Лаптев) болуы да көп жайды аңғартады. Тікелей эфирден берілген сол телекөпірде Қаратай ағамыз қай тақырыпқа тартқанда да тауып айтқан, керек жерінде айылын жимай айтысқан, тіпті елдегі демократия деңгейі сыналған тұста да бой бермеген, олардың да осал тұсын тапқан. АҚШ-та социалистік елдер кәсіподақтарымен байланыс орнатуға тыйым салатын заң барын айтып қалғанында қар­сыластары тығырыққа тіре­ліп, әңгімеге арғы жақтан қатысқан конгрессмендердің бірі: «Бұдан екі жыл бұрын сол заңның кү­шін жояйық дегенімде сіздер көн­бей қойып едіңіздер» деп жа­нындағыларды жазғырып, өзара кінәласып кеткен… Осының бә­ріне мына жақтан біздің айы­зымыз қанып отыратын. Иә, Қаре­кеңнің сол телекөпірге қа­тысуы кезінде бар қазақтың ме­рейін тасытқан болатын. Бұл жайында Қуаныш Сұлтанов «Тұрысов» атты мақаласында «Қазақтың кім, қандай екенін дәлелдеп, танытты. Қазақтың ұлт­тық «реномесін» көтеруге ең­бек етті» деп айшықты айтқан. Қа­ратай Тұрысов – кешегі кеңес­тік кезеңде, ұлттар арасында тұл­ға­ларды іштей салыстыратын, намысқа шауып таластыратын тұста халқының жақсы атын шы­ғарған асылдарымыздың бірі.

Егемендіктің елең-алаңында, 1990 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қаратай Тұрысовты елге шақырды. Президент ша­қы­руын қуана қабыл алған аза­маттың Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қыз­ме­тін­де Елбасы тапсырмасымен атқарған алғашқы ірі шаруасы – Экономикалық реформалар жөніндегі комиссияға жетекшілік етуі. Бұл жайында енді экономист ғалымның сөзін тыңдайық. «Нарық экономикасына бет ал­ған алғашқы сәттер. Оның қы­ры мен сырын түсінгенімізден түсін­бегеніміз, білгенімізден біл­мегеніміз көп жылдар. Іс ба­сындағы азаматтарға жаңа заман талабына сай дайындықты, қайрат­керлікті талап еткен жылдар. Міне, осы кезеңде еліміздегі игі өзгерістерге барынша атсалысып, Президент тапсырмасымен экономика саласындағы реформаторлар командасын­ басқарған абзал азамат – Қара­тай Тұрысов еді. Осы команда тиянақты іс-қимылдарға мұрын­дық бола білді, сондықтан да бү­гінгі жетістіктерде Қаратай Тұры­совтың да дербес үлесі бар», «Нә­тижесінде Қазақстан көп ұза­май әлеуметтік-экономикалық реформалардың қарқыны, нә­ти­жесі жағынан бұрынғы Одақ­та болған әріптестерінің алдына шықты», «Осы жылдар­да Қарекеңнің іскерлігі, қайрат­керлігі, тек мемлекет мүддесін на­зарда ұстайтын ел перзенті екені анық көрінді» – академик Кенжеғали Сағадиев осылай дейді. Экономист ғалымдар, әр жылдардағы Парламент депутаттары Қ.Тұрысовтың Мәжілістің Бюджет және қаржы комитетін басқарған кезіндегі қажырлы ісін де ерекше бағалайды. Әсі­ре­се, салық жүйесін жетілді­ру­де, әлеуметтік саланың қаржылан­дырылуының заңды тетіктерін жасауда тындырған ісі бір төбе еді дейді. Ол кісінің депутаттар ара­сындағы беделі тіпті бөлекше болатын. Қандай талас-тартыс та Қарекең араласқаннан кейін сабасына түсетінін талай көргенбіз. Жан дүниеңдегі қай құбылысты да алғырлықпен аңдайтын. Ақ­парат министрі кезімде бұқа­ралық ақпарат құралдары туралы заңның жобасымен депутаттар ал­дына талай бардым. Кейбір де­путаттар талқылауды жаяу көкпарға айналдырғысы келіп, неше түрлі қиямпұрыс, тіпті аран­датқыш сұрақтарға дейін қойып, жүйкені жұқартатын. Сондай бір тұста қайтарған жауап­тарымда сәл қиястана сөйлеп, біраз жұртты ашықтан ашық қарсы қойып алғаным да бар. Үзі­ліс кезінде Қа­рекең жаныма келіп: «Неменеге таусыласың?» деді. «Көріп тұрсыз ғой, қарадан қарап ұрынып жат­қанын», дедім. Қарекең: «Сабыр сақта. Сыр берме» деп, сәл ойланды да, «Саған бір ақыл айтайын ба?» деді. «Айтыңыз». Сондағы айт­қан ақылының түрі: «Қиыс сұ­раққа жауап берердің алдында сол сұрақты қойған депутатты ішің­нен бір сыбап ал»… Кез кел­ген жайды юмормен жеткізе алатын. Терещенко Үкіметінің тұ­сында министрлер «Волгадан» «Вольвоға» ауыса бастады. Ол кезде Қаратай Тұрысов Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі еді. Алғашқы «Вольвоның» бірі Қарекеңе ти­генін естігенмін. Бір күні жұ­мыс­тың жанында Қарекеңнің көліктен түсіп жатқанын көрдім. «Құтты болсын! Мәшинеңіз мық­ты екен!» десем, «Өй, мәшине емес екен…» дейді. «Мәшине емесі қалай?». «Солай. Мына тұр­­ған Талдықорғанға жиі бара­мын. Кеше де барып келдім. «Вол­гамен» жүргенде Алматыға жет­кенше ішкен-жегенімнің бә­рі бо­­йыма сіңіп кететін… Ке­ше­ мынамен жүргенде олай бол­­­мады… Мәшине емес де­­ме­­генде не дейін енді?»… Респуб­ликалық кәсіптік одақтар төра­ғасы қызметінде жүргенінде «Са­ры­ағаш» санаторийіне барыпты. Кәсіподақтың мекемесі ғой. Әбден аралайды, бәрін көреді. Ештеңе демейді. Кете­рінде мәшинесіне отырып жатып, бетіне үміттене қарап тұр­ған санаторий басшыларына бір ауыз ғана айтты дейді: «Сарыағаш» Қазақстандағы нашар санаторийлердің ішіндегі тәуірлеуі екен»… Қалай ұқсаңыз да өзіңіз білесіз. Депутат кезінде Қарекең айтты деген қайқы қы­лыштай сөздер әлі күнге Пар­ламенттегілердің аузында жүр. «На общественных началах можно только водку пить», «С должностью ума не дают!», «Про­долговато!», «Ну зачем из голенища вытаскивать проблему!», «Нужно идти до конца, нельзя быть «немножко беременной» дегендерінің атақты айтқыш Черномырдиннің сөздерінен несі кем? Қарекең осындай жеңіл юморы арқылы-ақ аса салмақты мәселелерге өз көзқарасын шымыр да жұмыр жеткізе салатын. 

Жақында, туғанына 85 жыл толуының қарсаңында «Аңыз адам» журналының Қаратай Тұ­рысовқа арналған саны шы­­ғып­ты. Пайдаланылған әдебиет­тер тізімінде «Сауытбек Абдрах­манов. «Азамат», Астана, «Елорда» бас­пасы, 2009» деген жолдар тұр. Соған қарап, осы мақала авторы кезінде Қарекең туралы арнаулы кітап жазған екен ғой деп ойлап қалатындар болмауы үшін басын ашып айтайық: біз «Азамат» атты ол кітаптың құрас­тырушысы ғанамыз. Әскер­күл жеңгеміздің кітап соңындағы «Жүректе жанған жұлдызым» атты естелігінде: «Бір ауыз сөзім үшін осы кітапты жинап-теріп, құрастырып, бастыртып берген Сауытбектей қадірлі ініме, редактор ретінде еңбек еткен Мәриядай асыл келініме Қарекең әулетінің атынан басымды иіп рақметімді айтамын» дегені біз үшін үлкен баға. Сол кітапты құрастыру барысында Қарекеңнің архивімен таныса алдым. Ұқыптылығына қайран қалдым. Сонау Қаражалда жүрген кезінде жасаған баяндамаларына дейін сақталыпты. Жазғыштығы айтқыштығынан артық болмаса кем емес екен. «Доклад первого секретаря Кара­жалского городского комитета партии…» деп бастағаннан «Спа­сибо за внимание» дегенге дейін­гі 18 бет қағазды мөлдіретіп отырып өзі қолдан жазып шық­қанын көргеннен кейін бұл кісі докторлық монография­сын бас-аяғы бес айда бітірген де­ген сөзге сенбеске лажың да­ қал­­­май­­­ды. Қ.Тұрысовтың 2003 жы­лы шыққан «Казахстан: становление рыночной экономики» ат­ты кітабы – Қазақстандағы на­рықтық экономиканың қа­лып­тасуын тұжырымдаған іргелі, терең еңбек. 

Ардақты ағаның кластас досы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» дегеніндей, амал қанша, елдің жүгін қара нардай қайыспай көтерген тау тұлғаны перзент қайғысы шөктіріп жі­берді. Жалғыз ұлының тапа-тал түсте жауыздар қолынан оққа ұш­қаны асыл ағаның жанын жеді, еңсесін езді, айықпас ауруға ұшыратты. Қарекеңдей қайратты ер қайғыны жеңе алатын шығар деген үмітіміз ақталмады. Жет­піс­тің жотасына шыға берген шағында Қаратай Тұрысов атты алып бәйтерек опырылып түсті. Дегенмен, дәтке қуат ететін жай да жеткілікті. Айналасы аман. Ұрпағы өсіп, елдік іске араласып жатыр. Есімі ел есінде, айтқаны халықтың аузында, істеген игі істерінің ірі іздері даламыздан да, қаламыздан да табылады. Қазір де жұрт «Қарекең» дегенде «Қай Қарекең?» демейді. Әңгіме қазақтың Қаратайы, Алаштың ардақтысы Қаратай Тұрысов туралы екенін көзі қарақты кісінің бәрі де біледі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты

Дереккөз: http://egemen.kz/