Қараусыз мұнай ұңғымаларынан қауіп төніп тұр

0

Жергілікті экология белсенділері Қаратөбе кен орнында кез-келген сәтте апат болып, ұңғымалардан мұнай атқылай бастауы мүмкін деп қауіптенеді. Олардың алаңдайтын жөні бар. Ақтөбе облыстық экология департаментінің дерегінше, Қаратөбе кен орнында 32 ұңғымаға консервация жасалмаған.

ТАМШЫЛАП ТҰР МА, АТҚЫЛАП ЖАТЫР МА?

Биылғы шілденің 7-інде Қаратөбедегі Г-36 ұңғымасынан мұнай атқылап, Байғанин ауданында төтенше жағдай жарияланған. Соңынан аудан бюджетінен 11 миллион теңге бөлініп, ұңғымаға локализация жасалған.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай Ақтөбе қаласындағы «АСТР-С» серіктестігі бір ай бойы мұнай төгілген аумақты тазалап, апат бола қалған жағдайда мұнай жайылып кетпеуі үшін ұңғыма маңына қондырғылар орнатқанын айтады.

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай

Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай

— Қазір Қаратөбедегі Г-36 ұңғымасынан мұнай тамшылап тұр. Жер астындағы табиғи қысыммен шығып жатқан мұнай ұңғымасының жанындағы 50 текше метрлік цистернаға жинап отырмыз. Авариялық ұңғымаға консервация жасамаса болмайды. Бірақ ол өте көп қаржыны талап етеді. Бұл – аудан бюджеті көтере алар жүк емес. Сондықтан біз консервация емес, локализациямен ғана шектеліп отырмыз, – дейді Базарбек Боранбай.

Байғанин ауданының тұрғыны, жергілікті белсенді Нұрым Нұрлан аудан басшыларының «ұңғымадан мұнай тамшылап қана тұр» деген сөзіне күмәнмен қарайды. Өзін «экология жанашырымын» деп таныстырған «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі Нұрым Нұрланның пікірінше, кен орнында ірі апаттар тіркелмейінше, билік үн-түнсіз отыра береді.

Белсенді Нұрым Нұрлан

Белсенді Нұрым Нұрлан

— Қаратөбедегі ұңғымалардан әлі де мұнай атқылап жатқанын әкімдіктің айналасындағы азаматтардың өз ауыздарынан естідім. Кен орнына қарай сыйымдылығы үлкен ыдыстарды алып бара жатқанын көрген азаматтар да бар, — дейді Нұрым Нұрлан.

Жуырда Қаратөбеге сыйымдылығы 50 текше метрлік тағы бір цистернаның жеткізілгенін Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай да растайды. Оның айтуынша, мұны қыс мезгілінде ауа-райының қолайсыздығынан болып қалуы мүмкін оқыс жағдайларды ойлаған атқарушы биліктің алдын-ала қамдануы деп түсінуге болады.

«РЕЗЕРВУАРЛАР ЖАРЫЛЫП КЕТУІ МҮМКІН»

Ресми деректерде соңғы он жыл ішінде иесіз жатқан Қаратөбе кенішінде бірнеше апаттың болғаны айтылады. Оның алғашқысы әрі көлемдісі 2015 жылғы желтоқсанның 4-і күні тіркелген.

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл Қаратөбедегі Г-4 ұңғымасы бұзылған соң топыраққа сіңіп үлгермеген 645,2 текше метр мұнай аралас сұйық заттың бос резервуарларға құйылғанын айтады. Одан бөлек 1240 тонна лас топырақ арнайы полигонға жеткізілген.

Нұржан Аққұлдың сөзіне қарағанда, 2017 жылы да Қаратөбедегі Г-36, Г-36А ұңғымаларында да апат болып, 80 текше метр мұнай төгілген.

Ақтөбе облыстық экология департаменті мұнай-газ ұңғымаларын жою және консервациялау үшін уәкілетті органға, яғни Қазақстанның инвестиция және даму министрлігіне хат жолдағандарын айтады. Ол хатта консервация жасалуы тиіс 32 ұңғыманың тізімі көретілген.

Ақтөбе облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары Ерболат Кожиков

Ақтөбе облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары Ерболат Кожиков

— Дәл қазір экология департаментін алаңдатып отырған мәселе – кен орнындағы резервуарларда тұрған 645,2 текше метр мұнай аралас сұйықтықтың жайы. Резервуарлардағы сұйықтықты мұнай деп айту қиын. Құрамында шикі мұнай да, механикалық қоспа мен қар суы да бар. Күшті аяздан мұнайға араласқан су қататын болса, резервуарлар қысымға шыдамай жарылып кетуі мүмкін, — дейді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Кожиков.

Ал күштік құрылымдарды мұнай кеніштеріндегі ұрлық мәселесі алаңдатады. Ақтөбе облысында мұнай ұрлығы 2015-2017 жылдары өте көп тіркелген. Байғанин ауданындағы Қаратөбе кен орны бұл жылдары мүлдем күзетілмеген. Байғанин ауданы әкімдігі қазір кенішті «Қасқыр Security» серіктестігі күзетіп отырғанын айтады.

БАЙҒАНИН КЕНІШТЕРІНЕН МҰНАЙ ҰРЛАУ

Биыл Ақтөбеде 2015-2017 жылдары «аса ірі көлемде мұнай ұрлады» деген айыппен екі ұйымдасқан қылмыстық топқа сот үкімі шықты. Соның бірі – «Ағайынды төртеу» тобы.

Тергеу материалдарына қарағанда, «Ағайынды төртеу» тобы «Сағыз Петролеум» компаниясына қарасты «Қағанай» кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Ұрланған мұнай құны 11 миллион 302 мың теңге екендігі айтылды.

"Ағайынды төртеу" тобына қатысты өткен сот отырысы. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл

«Ағайынды төртеу» тобына қатысты өткен сот отырысы. Ақтөбе, 2 тамыз 2018 жыл

Қағанай да Байғанин ауданындағы кеніш. Айыптау қорытындысына сәйкес «Сағыз Петролеум Компани» мұнай өндіретін кеніштегі «Kag 12», «Kag 21», «Kag 23» скважиналарынан ұрланған мұнайды қылмыстық топпен байланысы бар мұнайшы-операторлар әрқайсының сыйымдылығы 70 текше метрлік болат резервуарларға сақтап, кейін оның Байғанин ауданынан Ақтөбеге жөнелтіп отырған.

Одан бөлек тергеу материалдарында Байғанин ауданындағы «Ащыкөл» мен Қаратөбе, Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланғаны көрсетілген. Тергеушілердің болжамы бойынша, «Ағайынды төртеу» қылмыстық тобының бір мүшесі «Қаратөбе кенішіндегі №Г-4 (№30) нөмірлі бекетте күзет жоғын серіктеріне хабарлап, мұнай ұрлау жоспарын құрған».

Тергеу материалдарына қарағанда, Мұғалжар ауданындағы Синельниковское кенішін 2000 жылғы желтоқсанда энергетика министрлігінің рұқсатымен «Озтюркмунай» серіктестігі барлап, мұнай өндіре бастаған. 2010 жылы қаржылық қиындықтарға ұшыраған «Озтюркмунай» кеніштегі жұмысын тоқтатады. Алайда, кеніштегі № 5 скважинаға консервация жасалмаған.

— Тергеу менің қорғауымдағы Жанат Тектіғұловты «Синельниковское» кен орнынан мұнай ұрлады» деп айыптап, бес жылға соттады. Сотта кен орнының иесі ретінде Қазақстанның энергетика министрлігі аталды. Яғни, министрлік жәбірленуші болып отыр. Біздіңше, сот ең алдымен Энергетика министрлігін жауапқа тартуы керек еді. Өйткені министрлік Синельниковское кенішін 2011 жылдан бері қараусыз қалдырған. Мұнай айдалада ағып жатқан. Сондықтан мұны ешкім де меншікке қатысты қылмыс дей алмайды. Иесіз жерден алынған нәрсені ұрлық деп те санауға болмайды. Бұл — экологиялық қылмыс! Және ол үшін министрлік жауап беруі керек, — дейді адвокат Нұрбибі Есмағамбетова.

Қаратөбе – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылындағы кеніш. Мұнда сейсмикалық барлау жұмыстары алғаш рет 1967 жыл жүргізілген. Ақтөбе облыстық экология департаментінің мәліметінше, «Қаратөбе Интернешнл Ойл Компани» серіктестігі 2002 жылғы мамыр айында жасалған келісімшарт негізінде Қаратөбе кен орнында жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жүргізеді.

2008 жылы өз міндеттемелерін жүйелі түрде орындамауына орай компаниямен келісім-шарт біржақты бұзылған. Оған наразылық танытқан «Қаратөбе Интернешнл Ойл Компани» серіктестігі түрлі сот инстанцияларынан өтіп, Париждегі Халықаралық инвестициялық келіспеушіліктерді реттеу орталығына шағымданған. Содан бері Қаратөбедегі кен орнының басынан дау арылмай келеді.

Дереккөз: Азаттық