Қаратауда қызды зорлап, өртеген қаскөйдің тағы бір айуандығы әшкереленді
Қысқа сілтеме алу
8 жастағы қызды зорлап өлтірген қаскөйдің тағы бір іске қатысы бары анықталды, ол алты жыл бұрын 12 жастағы қызға азғындық әрекет жасамақ болған
НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында 8 жастағы қызды зорлап өлтіріп, артынан мәйітін өртеп жіберген қаскөй Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жауапқа тартылатын болды.
Таразда атышулы іске қатысты сот алды тыңдалым өтті. Іс жабық жағдайда қаралып жатыр, деп хабарлады КТК.
37 жастағы сотталушыға адам өлтіру, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау бабы бойынша айыптар тағылды.
Айыпталушының тағы бір іске қатысы бары анықталды. Ол алты жыл бұрын 12 жастағы қызға азғындық әрекет жасамақ болған. Әзірге жәбірленуші жайында мәлімет жоқ. Белгілісі – сол дерекке қатысты «зорлауға оқталу» бабы бойынша іс қаралуда.
Қаратау қаласының тұрғыны Аруай Беріктің баллонға салып өртелген мәйіті жоғалғаннан бір күннен соң қала шетінен табылған болатын. Үш тәуліктен кейін күдікті ретінде 37 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынған. Оның қапқа салынған өлі денені велосипедпен әкетіп бара жатқаны бейнебақылау камерасына түсіп қалып, қылмысы әшкерленген еді. Ал резонанс тудырған істің алғашқы сот отырысы 3 қазанға белгіленді.
Бұған дейін Аруайдың жақындары ауыр болса да жантүршігерлік қылмыстың қалай болғанын баяндап берген еді. Әкесі Мұхит Қаражігітовтың айтуынша, күдікті жеткіншекті өнер мектебінен үйіне алып кеткен. Онда не болғаны әзірге белгісіз. Небәрі 45 минуттан соң өлігі шығып отыр. Қаскөйдің мәйіт арқалаған жүрісі сол маңдағы дүкен камерасына түсіп қалған.
Толығырақ мына жерде: «Қызымды қалай өртеді, солай өртесін»
Ал анасы Ләззат Семізбаеваның айтуынша, күдікті 8 жасар қыздың киім-кешегін үйінде, мәйітін қаланың шетіне апарып өртеген. Сөйтіп, өзі түк болмағандай жоғалған қызды туыстарымен бірге іздепті.
«Сотталып түрмеден өмір бақи шықпасын немесе ату жазасын берсін. Болмаса халықтың алдына беріп, қызымды қалай өртеді, солай өртеу керек», -дейді қайғыдан қан жұтқан ана.
sputniknews.kz