Қарасайлық ата-ана 16 жасар қызын ұзатып жіберген

0

«НеМолчиKZ» қоғамдық қоры таратқан ақпарат бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасы 15 жасар қыздың ұзатылғалы жатқанына қатысты деректі тексерді, деп хабарлайды ЭК.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, тексеру кезінде Жаңатұрмыс ауылының 16 жастағы басқа тұрғыны өз еркімен, ата-анасының батасымен, мұсылман дәстүрі бойынша күйеуге шыққан. Олар АХАЖ-ға барып ресми түрде некеге тұруды жоспарлап отыр екен.

«Бұған қарамастан, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғандықтан, қыздың ата-анасына «кәмелет жасына толмаған баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тәрбиелеу және білім беру бойынша міндеттерін орындамағаны үшін» әкімшілік материал толтырылды. Ол шара қолдану үшін Қарасау аудандық әкімдігі жанындағы кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілді«, — дейді Алматы облысы Полиция департаменті.

Ал аталған ауылда «15 жасар қыз ұзатылғалы жатыр» деген мәлімет расталмады. Тексеру кезінде ол қыз үйінде болған, ата-анасы оны ұзатпайтынын айтқан.

Әке-шешесіне түсіндірме жұмысы жүргізіліп, жас қызды ұзатқаны үшін қылмыстық жазаға тартылатыны ескертілген.