«Халықтың есебінен пайдаға кенеліп отыр». Баспана бағасының қымбаттауына қатысты депутаттар не дейді

0

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілгеннен бері елде баспана бағасы күрт шарықтап кетті. Пәтер іздеген қазақстандықтар баға күн сайын өсіп, зейнетақы қорындағы ақша құнсызданып бара жатқанын айтып шағымдануда. Халықтың мұңын естіген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылжымайтын мүлік нарығында үй бағасын реттеуді тапсырған еді. Sputnik Қазақстан тілшісі мәжіліс депутаттарынан осы мәселеге қатысты пікірін сұрап қайтты.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, нарықтағы сұраныс әрдайым бағаны өсіреді. Жылжымайтын нарықта бағаны реттеу өте қиын.

«Біріншіден, бағаның өсуіне көптеген фактор ықпал етеді. Бүгінгі таңда әр өңірде, банктерде әртүрлі бағдарламалар бар. Мысалы, «7-20-25″ бағдарламасының іске қосылуы да тұрғын үй құнына белгілі бір дәрежеде әсер етті. Бірақ, бұл жылжымайтын нарықтың заңдылығы. Нарықта сұраныс көп болған сайын, баға шарықтай береді. Бұл нарық, сондықтан мұны реттеу оңайға соқпайды», — деп санайды ол.

Алайда, мәжілісменнің пікірінше, жаңа пәтерлердің бағасын қарапайым азаматтарға қолжетімді ету үшін құрылыс компанияларымен алдын ала келісу қажет. Бұл мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе, дейді ол.

«Екі жыл бұрынғымен салыстырғанда, құрылыс материалдарының көбі 30 процентке қымбаттады. Мұны бәрі біледі. Әлеуметтік баспана, эконом санаттағы тұрғын үйлер салатын компаниялар қандай жағдай болмасын бағаны ұстап тұруы тиіс. Өйткені олар қарапайым халықтың есебінен пайдаға кенеліп отыр. Мұндай құрылыс компаниялары, ең алдымен, пайданы емес, тұрмысы төмен азаматтарға, жас отбасыларға көмек көрсетуді ойлауы керек. Сол себепті белгілі бір лимит болғаны жөн шығар», — дейді Бейсенбаев.

Мәжілісменнің ақпаратынша, қазір Қазақстанда 14-35 жас аралығындағы 6,2 миллион жас тұрады. Яғни, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны – жас адам. Ажырасу көрсеткіші де дәл осы жастар арасында өте жоғары. Бейсенбаевтың сөзінше, ажырасудың басты себептерінің бірі – баспананың жоқтығы.

«2016 жылы Алматы қаласын Бауыржан Қыдырғалиұлы (Байбек – Sputnik) басқарған кезде, біз «Алматы жастары» бағдарламасын іске қостық. Ол күні бүгінге дейін бар. Сол кезде жас отбасының жасын 35-ке дейін ұзарттық, соның арқасында бағдарлама аясында көбі баспаналы болды. Қазір бұл бағдарламаны аздап кеңейтіп, жыл сайын тағы 300 адамға пәтер алуға мүмкіндік беріп отыр. Бізге осындай бағдарламалар қажет. Бүгін жас отбасының мәселесін шешу арқылы біз оның ұрпағының мәселесін шешеміз. Сол себепті әр жерде жас отбасыларға арналған аймақтық бағдарлама болуы керек», — деді мәжіліс депутаты.

Елнұр Бейсенбаев әзірге зейнетақы шотындағы ақшаны шешпегенін айтты.

«Зейнетақы жинағым соншалықты көп те емес. Шамамен 800 мың теңгені алуға болады. Бірақ, әзірге қызығушылық танытпадым», — деді ол.

Бейсенбаевтың әріптесі Жанарбек Әшімжанов та зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға асығар емес.

«Шотымды тексеріп көрдім. Осыған дейін 24 жылдай еңбек етіппін. Сондықтан артылып тұрған ақшам бар, алуға құқығым да бар. Бірақ, әзірше жоспар жоқ», — деді халық қалаулысы.

Мәжілісмен пәтерлердің қымбаттауына қатысты да бір-екі ауыз пікір білдірді.

«Президент тапсырма берді, енді үкіметтік ведомстволар қадағалауы керек. Зейнетақы қорынан ақша алуға болады деген әңгіме шыққалы бері үйдің бағасы да, жалдамалы пәтерлердің бағасы да кенеттен өсіп кетті. Үй бағасының кенеттен көтерілуі халыққа өте қолайсыз деп санаймын. Демек, менің ойымша, бұл жерде қайта қарайтын мәселелер бар», — деді ол.

Баспана қаншаға қымбаттады

Соңғы бес айда Қазақстанда жаңа үйлердің бағасы 5%-ке өскен. 2019 және 2020 жылдың сәйкес кезеңінде ол 3%-тен аспаған еді.

Ал өткен жылдың қыркүйегінен бері қолданыстағы үйлер 12,5%-ке қымбаттады.

Мұндай мәліметтер Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің депутаттардың сауалына берген жауабында келтірілген. Оның айтуынша, баспананың қымбаттауына сұраныстың күрт өсуі себеп болып отыр.

Жұманғарин жылжымайтын мүлік нарығында бағаны алдын ала сөз байласып көтеру фактілерінің бар-жоғы тексерілетінін айтты.

Қазақстанда тұрғын үйге шекті баға белгілеу ұсынылды

3 ақпанда мәжілісмен Аманжан Жамалов мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша салынатын баспананың шаршы метріне шекті бағасын енгізуді ұсынды. Парламентарийдің пікірінше, ипотеканы мемлекеттік субсидиялау өскен сайын баспана бағасы да шарықтап барады.

Депутаттың айтуынша, зейнетақы жинағына үй сатып алуға рұқсат етілгеннен бері құрылыс компаниялары тұрғын үйдің сапасын емес, бағасын көтеруге кіріскен.

Жамалов үкімет пен Бәсекелестікті қорғау агенттігінен жылжымайтын мүлік нарығында бағаның өсуін шектеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды сұрады.

16 ақпанда Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу бойынша 1 триллион 855,9 миллиард теңгеге 115 608 өтінім қабылданғанын мәлімдеді. Оның ішінде 423,6 миллиард теңгеге 78 074 өтінім мақұлданған.

Қазақстандықтар жинақтың 87%-ін тұрғын үй мәселесін шешуге, оның 45,5%-ін – баспана сатып алуға (ипотекасыз); 28,3%-ін – ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге; 10,5%-ін екінші деңгейлі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға; 2,3%-ін жеке тұрғын үй салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауды жоспарлап отыр.