Қарапайым халықпен бірге пойызбен жүретін отандық жұлдыздар кімдер? — новости Казахстана

0

Танымал адамдардың барлығы бірдей қымбат ұшақпен қатынай бермейді. Олардың арасында да теміржол пойызына жиі мінетін қарапайым тұлғалар бар. Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалы кешенінде елге белгілі азаматтарды жиі кездестіруге болады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Фото: коллаж NUR.KZ

Фото: коллаж NUR.KZ

Бұл тізімді Балғынбек Имашев пен Көпен Әмірбектен бастап, Жігер Ауыпбаев, «Алашұлы» тобы, Бейбіт Қорған деп жалғастыра беруге болады.

Күні кеше Лондонда өнер көрсеткен Димаш Құдайбергеннің өзі де ара-тұра Ақтөбедегі үйіне пойызбен барғанды жөн көреді екен.

Қытай еліндегі «Мен әншімін» байқауынан кейін аты әлемге таныла бастаған жұлдыздың қарапайымдылығын пойыз жолаушылары бағалап үлгеріпті.

«Нұрлы жол» вокзалында Димашты кездестіргендер аз емес. Әлемге әйгілі жас әншінің әжесі мен атасы, әкесі мен анасы да пойызбен Астана мен Ақтөбе аралығында жиі қатынайды.

«Бірде Қытайдан келе жатып, Димаш Ақтөбеге пойызға билет алған. «Тұлпар-Тальго» пойызына мінгені сол екен, көрші купелер мен вагондардың жолаушылары қаумалап, түннің ортасына дейін әңгіме айтып келген. Димаш та жұрттың көңілін қалдырғысы келмесе керек. Неше күнгі сапарынан шаршап шыққанына қарамастан, сыр бермеген секілді. Үйге келе сала екі күн тұрмастан ұйықтады», — дейді Димаштың анасы Света Айтбаева.

«Нұрлы жол» вокзал кешені анықтама бөлімінің кезекшісі Бекежан Бөкеновтің айтуынша, танымал адамдарды жаңа вокзал залында жиі кездестіруге болады.

«Бірде танымал айтыс ақыны Балғынбек Имаш пойызына кешігіп қалып, не істерін білмей көмек сұрады. Қарағандыға қуып жетуге болатын еді, бірақ қар жауып тұрған соң, билетін қайта қайтару жөнінде ұсыныс айттық.

Фото: altai.kz

Фото: altai.kz

Бейбіт Қорған да жолықты. Көпен Әмірбек мырза пойызға жиі мінеді. Бірде Данияр Елеусінов келді.

Былтыр Экспо көрмесі кезінде пойыз саны да көп болды, сахна жұлдыздарын өте жиі көретін едік. Өмірде қарапайым жандар. Анықтама бюросына келіп, ақпарат сұрайды.

Ондай кезде танымал екен деп қуанғаннан эмоциямызды білдіртпеуіміз керек. Өйткені, қызметте отырған соң, жолаушылардың барлығына бірдей қызмет көрсетеміз.

Ал жұмыс орнынан тыс жерде кездесіп, қолтаңба сұрап, суретке түсіп жататындар болады», — дейді Бекежан Бөкенов.

Өткенде ғаламторда танымал жас актер Асылхан Төлепов ойнаған эпизод тарап кеткен еді. Аталған видео «Нұрлы жол» вокзал кешенінің күту залында түсіріліпті.

Фото: brod.kz

Фото: brod.kz

Сонымен қатар, бұл жерден «Қазақ барысының» жұлдыздарын жиі кездестіруге болады. Анықтама бөлімінде хабарлағандай, спорт жұлдыздары да пойызбен қатынағанды тәуір көреді.

Әуежайға бергісіз «Нұрлы жол» вокзал кешенінде экраннан түспейтін тележұлдыздар да көп жүреді екен.

Сондай-ақ, мұнда түрлі түсірілім топтарын үнемі кезіктіруге болады. Республикалық телеарналар мен режиссерлар да вокзалдың тұрақты келушілері санатында.