«Қарапайым адам адам емес сияқтымыз»: Жақындарынан айырылған тараздық көпбалалы ана ІІМ-нен көмек сұрады — Қазақстан жаңалықтары

0

Тараздық көп балалы ана жеке күзет қызметі жігіттерінің кесірінен «енем мен сәбиімнен айырылдым» деп отыр. Келіншектің жақындары күзет фирмасының қызметкерлері себепкер болған жол апатында қаза тапқан. Ал кінәлілер әлі күнге жауапқа тартылмапты. Сондықтан ол ішкі істер министрлігінен көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

әйелОқиға 2019 жылдың 26 қазанында болған. Ішінде 4 адамы бар көлікті жеке күзет қызметінің жігіттері мінген машина соққан. Қатты соққыдан көліктердің сау-тамтығы қалмаған.

Іңкәр Жақаева дәл сол күнгі жол апатынан кейін баласы мен енесінен айырылған. Келіншектің айтуынша, енесінің аяғы сынып, жарақаты ажалына себеп болған. Тамырына зақым келіп, жеті күннен кейін көз жұмған. Іңкәрдің де жамбасы морт кетіп ауруханаға түскен. Ішінде алты айлық сәбиі бар әйелге кесір тілігін жасуға тура келгенімен, шақалақ шетінеп кеткен.

«Мен соққыны ішімнен алдым. Бес баламды осыған дейін еш қиындықсыз босанғанмын. Ешкімнің көмегінсіз. Кесір тілігінен де қанша азап шектім», — деді Іңкәр Жақаева.

Жол апаты болған кезде кінәлілердің машинаны мас күйінде басқарғаны анықталған.

«Рөлде ана жігіт, ішіп алған. Енді «мен емеспін» деп мойындамай отыр. Артында қару жатыр. Екі автомат, дубинка, каска. Тағы бір жігіт артында қызбен отыр», — деді Іңкәрдің күйеуі Төлеген Әбдірахманов.

Оның сөзінше, кінәлілер оқиға орнынан қашып кетпек болған.

Отбасы жол апатына айыптыларды әлі күнге жауапқа тартқыза алмай жүр. Олар күні бүгінге дейін тергеуі ісінің сотқа жетпей жатқанына қапалы. Соған қарағанда күзет компаниясының артында ықпалды адам тұр ма деп күдіктенеді. Сондықтан ішкі істер министрілігінен көмек сұрады.

«Тергеуші – бәрі дөрекі сөйледі. Менің кінәм заңды білмегенім бе? Қарапайым адам адам емес сияқтымыз» — деді Іңкәр Жақаева.

Ал полиция өздеріне шаң жуытпады. Сөздеріне қарағанда, жол апаты дерегі бойынша 7 сараптама тағайындалған. Тергеу ісінің ұзап кетуіне солардың қорытындысының шықпауы себеп деп ақталды.

«Сот сараптамасының қорытындысына сай, «Лада» автокөлгінің жүргізушісі көлікті орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған»,-деді Тараз қалалық ПБ әкімшілік полиция тобының инспекторы Асан Смайылов.

«Күзет қызметі кінәлі ме», деген сұраққа полицей » ол туралы ештеңе айта алмаймын», деп жауап берді.

Ал күзет кызметі өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Фирманың заңды тіркелген мекен-жайында жеке адам тұратын болып шықты. Сөйтсе бұл компания атын ауыстырып жіберіпті. Бірақ ол жерден де басшыларымен кездесу мүмкін болмады.

stan.kz