Қаралы хабар: Белгілі күйші Мұрат Сыдықов дүние салды
Атақты күйші-композитор, ақын-жырау, өн бойына жеті өнерді меңгерген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Мұрат Сыдықов мәңгілік мекеніне аттанды.
Мұрат Сыдықұлы 1940 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық мерген аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.
1980 жылы өзінің отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерт беріп, өнерсүйер қауымның мақтанышына айналды.
Мұрат Сыдықұлы – әндер, күй-толғаулар, өлең-жырлар жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданған дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын. Виртуоз орындаушы ретінде Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірт тәрбиелеген білікті ұстаз.
Қазақстан композиторлар Одағынан жоғары бағаланған «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария, т.б. әндері мен «Арал толқыны», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» секілді күйлері – халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Көптеген туындысын ауылдың әнші, күйші, жыршыларынан бастап еліміздің атақты өнер шеберлері орындап, облыстық, республикалық радио, телевидениенің «Алтын қорына» жазылған.
«Батыр баба – Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу», «Астанаға сәлем» сияқты симфониялық күй-поэмаларын атақты Қазанғап атындағы «Халық оркестрі» мен Тұрмағанбет атындағы облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты репертуарында күмбірлете ойнайды.