Қарагөз Сүлейменова жайлы қара сөз…

0
0
Қарагөз Сүлейменова
Қарагөз Сүлейменова

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмрімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре–көре келдік…», – деп Абай айтпақшы, көп көрмесек те қоғам жайлы сөз қозғар жасқа келіппіз. Мәдени ошақтың басы қасында жүргенімізге біраз уақыт та өтіпті. Республика сарайы мен кітапханадағы қызмет қылған кездерімде көкейге талай ой түйіп едім. Кеудеден төгілер шағы да келгені ғой. Хош, айтарымды төменге тізейін.

Праймериз сайлауы өтеді дегеннен көңіліме бір үміт ұялады. Бұдан былай тағайындаулар азайып, сайлау жүйесі күшейе түседі деген сөз. Ел болашағына алаңдайтын кез келген азамат бұл сайлаудан сырт қалмақ емес. Мен де өз үлесімді қосу мақсатымен праймериз жобасын әу бастан бақылап келем. Үміткерлермен танысып, олардың ұсынған жобасына сын көзбен қарап, бірнеше сайланушының бағдарламасына тәнті болдым. Соның бірі – Қаракөз Сүлейменова.

Біздің коғам ішінде әртістерді тұрақсыз, жеңіл адамдар деп баға беретіндері бар. Олардың жүрген жер той, гәккулеп жүрсе болғаны немесе атың шықпаса жер өртенің кебі деп те жүр. Бірақ Қарагөз Сүлейменоваға келгенде олай айтуға ауыз бармас. Осы уақытқа дейін ақыл–парасатымен, өнерімен, кішіпейілдігімен ел жүрегін жаулап та үлгерді. Өзі де бесаспап: әнші, журналист, актриса, PhD доктор… тізе берсең көп.

Ең алдымен Қарагөз Сүлейменованың журналист екендігін алға тартқым келіп отыр. Жер-жерді аралап, ел ішінде жүрген үміткеріміз халықтың жағдайымен де етене таныс. Бұған дейін де билік пен халық арасына алтын көпір салып жүргені мәлім. Егер сенім білдіріп, сайлауда жеңіске жетсе ел үшін одан да көп еңбек сіңірер еді. Бұл күнде еліміз «Болашақ» бағдарламасымен Оксфорд, Кембридж оқыған азаматтардан гөрі халық жайын білетін басшыларға зәру секілді. Сондықтан да Қарагөз Сүлейменованы әбден лайық көрем.

Қарагөз Сүлейменованың тағы бір артықшылығы ұлттық өнерді бойына сіңіруінде. Ана сүтімен бойына дарыған төл өнерімізді өзгеге насихаттауында. Ұлттық мемлекет құрып Мәңгілік ел боламыз деген идеяның негізгі жаны да ұлттық өнер екені жасырын емес. Өнер деген халықтың тілі мен ділі, қаны мен жаны, кешегі мен бүгіні. Сондықтан ұлттық кодты сақтау үшін төл мәдениетіміздің жанашыры керек.

Қарагөз Сүлейменованың бағдарламасының атауы да жаныңа жылу беріп, жүрегіңе жігер сыйлайды. «Ұлттық рух. Ұлағатты ұрпақ. Ұлы мемлекет» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы көп мәселені қамтыған. Бірінші бөлімі ауыл тұрмысын жақсартуға арналады. Еліміздің күретамыры болған ауылға жастарды тарту, жұмыссыздық пен еңбек адамдарының мәртебесін арттыруды мақсат еткен. «Ауыл мен қала арасындағы мәдени, рухани, әлеуметтік алшақтықтарды жою мәселесі шешілуі керек. Ауылды гүлдендіру, ауылшаруашылығын дамыту – ертеңгі нанымыз», – деген сөзінің де салмағы ауыр.

Құрметті сайлаушы! Қазан айында өтетін Праймериз сайлауына белсене қатыс. Сайлау әділетсіз өтеді, біз үшін таңдап қойған деген кесір ойдан аулақ бол. Себебі бұл елдің болашағы сіз бен біздің қолымызда. Сондықтан баршаңызды белсенді болуға шақырамын.

Ғазиза Құдайберген, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз