Қарағаштың қапталына өскен қарағай жұртты тамсандырды

0

2018 жылғы 8 желтоқсан 09:55 161

Қарағаштың қапталына өскен қарағай жұртты тамсандырды


ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат — Алматы облысының Жаркент өңіріндегі Қойбын шатқалын қақ жарып өтетін қара жолдың бойында жұрттың назары ерекше қарағашқа түседі. Біраз жылдан бері жайқалып тұрған қарағаштың қапталынан жап-жасыл қылқан жапырағымен қарағай өсіп шығыпты. Соңғы кездері бұған жергілікті жолаушылардың да,  өңірге сапарлаған қонақтардың да назары ауып, ары-бері өткендер тәу ететін де болған. Тіпті ерекше өскен қарағаш пен қарағайға ақындар жыр да арнай бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Жалпы, жазиралы Жаркент жері — табиғаттың тұнып тұрған таңғажайып көрмесі тәрізді. Батысында Басшидің бұйра құмдарынан — Басқұншының қызғылт түсті қырқаларына дейін, солтүстігінде Арқас Алатауының ақбас шыңдарынан  — Іленің   ақшулан айдынына дейін көсіліп жатқан кең алқап көркемдігімен көз қуантатын көріністерге толы. Әйгілі «Әнші құм», жеті ғасыр жасап, қазақ жеріндегі барша ағаштың абыз атасындай болған «Әулиеағаш», саумалдай шипалы суымен де, тоқсан градустан астам ыстық қайнарымен де, балдай дауалы балшығымен де жанға дәру әр алуан Арасандар… Ұлан-байтақ жеріміздің оңтүстік-шығысындағы осынау пейіштің төріндей  қөрікті бір пұшпағына қадам басқан кез келген жан өлкеміздің мұндай табиғат тамашаларына таңдай қаға тамсанып, таң-тамаша тәнті болары анық.  

 Жаркент — Сарыөзек тас жолының Қойбын шатқалын жарып өтетін бөлігіндегі батыс бағытқа шыға берісіндегі мына құбылыс та ешкімді енжар қалдырмасы хақ. Бұрыннан бұтағын кеңге жайып, тамырын тереңге  жіберген жуан қарағаштың жерден екі-үш сүйем жоғары қапталынан қабығын жарып жуандығы жеңді білектей қарағай өсіп келеді. Алғаш елдің көзіне түскен екі жылдан астам уақыттан бері діңі  жуандап, бұтағы мен жапырағы молая бастағаны да анық аңғарылады. Қазақ ырымшыл халық қой. Тосын көріністің тууы тектен-тек  емес деп есептеген  болуы керек,  ары-бері ағылған адамдар бұл құбылысқа  шүберек байлап, тәу ете бастапты.

Ал, әсершіл, сезімтал  ақындар бұған жыр да арнай бастаған. Соның бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Исламғали Жаркенти туған жері табиғатының бұл таңғажайып туындысынан өзгеше философиялық түйін түйіпті.  Оған «Қазақтай бауырмал Қарағаш» деген  өлең  арнап:

…Жатырқамас қазақпыз жан баласын,

Ауызына тосатын қолдағы асын.

Сондай сурет көрдік біз  табиғаттан,

Бара қалсаң  өзің де таңқаласың!

 

…Сол ғажапқа бауырым сенесің бе?

(Көрген кезде түседі ел есіңе).

Қазақ елін қанша жұрт Отан санап,

бірге жүзді Өмірдің кемесінде.

 

Дәл сондай бір  көрініс  қарасаңыз,

(Өзгелермен біз-дағы санасамыз).

Тамырымнан солар да нәр алады,

Қарағашты Қазаққа баласаңыз.

 

Қуаты — Жер, елімнің сенімі — Күн,

Барша жұртқа арнаған мейірімін!

Бұл нышанмен Жаратқан меңзегендей —

қазағымның кеңдігін пейілінің!-

деп тебірене жырлапты.