Қарағандының Зоя атты сиыры әйгілі әлемдік сән журналына шықты

0

Қарқаралының қасқа сиыры бір-ақ күнде «жұлдыз» болып, фотосы әлемдегі танымал сән басылымның бірінші бетіне жарияланған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Телеарнаның мәліметінше, қыстан көтерем шыққан мүйізді жануарды көршісі суретке түсіріп, әлемдегі әйгілі сән журналына жолдаған. Редакция фотоны үздік деп бағалап, басылымның бірінші бетіне жариялапты. Сиырдың иесі Мәулен Мұсабеков «Зояны» ерекше күтімге алған. Мәулен Мұсабековтың сөзінше, күндіз өрістен келсе де, кешкілік қосымша шөп салып, бордақылаған. Сән журналынан жарқ ете қалған Зояны бұзау болған кезінен өзі бағып өсіріпті. Сондай-ақ, ол биыл сиыр үшінші рет төлдейтінін айтты. «Өзіміз де таңғалдық. Сиыр осылай журналға шығады деп кім ойлаған енді?! Бөлмейміз ғой. Барлық мал бірдей. Бәріне бірдей береміз. Былтыр 1 маусымда бұзаулаған, өзі сол уақыттарда бұзаулайды. Енді ойлап отырмыз, мамыр айының аяғында бұзаулай ма деп», — дейді Қарқаралы қаласының тұрғыны Мәулен Мұсабеков. Арна ақпаратынша, 6 жасар Зояны әп-сәтте жұлдыз қылған — Карина Кирина. Ол — кәсіби фотограф. Ерте көктемде көше бойлап келе жатып, қыстан көтерем шыққан көршісінің сиырын көріп, суретке түсіріп алған. Кейін оны әлемге әйгілі сән журналдарының біріне жолдайды. Қызық болғанда, олар қыс тақырыбымен басылымның басты бетіне жариялаған. «Сән журналы аптасына тек бір рет, дүйсенбі күндері екі фотодан қабылдайды. Мен бірінші рет жібердім және бірден басып шығарды. Бұл — мен үшін үлкен жетістік.

Енді олар жариялаған суреттердің арасынан үздіктерін іріктеп, Еуропа қалаларында көрме ұйымдастырады екен. Бәлкім, сол тізімге де ілігіп қалар», — дейді фотограф Карина Кирина. Каринаның бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылға жуықтаған. Негізінен табиғатты, жан-жануарларды түсіргенді ұнатады екен. Сондай суреттерінің тағы біразын журналған жолдаған. Бірақ әзірге жауап болмапты.