Қарағандылық 130 отбасы баспаналы болды
Астана, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қарағандылықтарға пәтер кілттерін табыс етті. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, пәтерлерді кезекте тұрған әлеуметтік қорғалатындар санатындағы азаматтар алды.
Пәтер кілті мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне табысталды. Олардың кейбірі аталмыш қуанышты сәтті он жылдан астам уақыт күткен. Сол армандары бүгінгі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының арқасында орындалып отыр.
«Барлықтарыңызды Тұңғыш Президент күнімен құттықтағым келіп отыр. Дәл осы күні сіздердің армандарыңыз орындалып жатқаны – жақсылықтың нышаны. Шаңырақтарыңызда жылылық, жайлылық орнап, үйлеріңізге жаңа бақыт қонады деп ойлаймын. Біз Президентіміздің «Нұрлы жер» және «7-20-25» бастамаларының арқасында облысымызда және жалпы республикада белсенді түрде тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатырмыз. Жәнеде жыл сайын бұл көлемді ұлғайта береміз»,- деді өңір басшысы Ерлан Қошанов облыс орталығындағы жаңа көпқабатты үйлерде пәтер кілтін табыс ете отырып.
130 пәтерлі үйге ай сайын төленетін өтемақы құны баспананың көлеміне қарай бір шаршы метрі 736 теңгеге тең. Жалдама төлемін өтеп болған соң, тұрғындар оның иесі атанады.
«Біз ауданы 91 шаршы метрді құрайтын үш бөлмелі пәтер алдық. Ай сайын шамамен 67 мың теңге төлеп отырамыз. Осыған дейін көп жылдар бойы ай сайын 50 мың теңгеден төлеп, екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрып келдік. Әрине бақыттымыз – енді бізде өз баспанамыз бар, екі баламыздың жеке бөлмесі бар, — дейді Тәттімбет атындағы өнер колледжінің қызметкері Жанар Нүркетаева.
Жаңадан қоныстанушылардың айтуынша, бұл бағдарлама – қандай да бір себептермен ипотекалық несие ала алмайтындар үшін баспаналы болуға тамаша мүмкіндік.
Сонымен қатар тұңғыш Президент күнінде қоныс тойын Балқаш қаласының, Абай және Осакаров аудандарының тұрғындары да атап өтті. Ондаған отбасылар «Нұрлы жер» президенттік бағдарламасының арқасында баспаналы болды.
Мереке күні салтанатты түрде тек пәтер кілттері табыс етіліп қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік нысандар да ашылды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ