Қарағандыдағы апат: 5 адамның жағдайы өте ауыр
Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорытпа зауытының пешінен өрт шығып, соның салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шекті. Аалған факт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқыс оқиға бүгін, 20 шілде күні таңғы сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында оқыстан болып отыр.
Зауыттағы №1 пештен жалын кенеттен шығып, салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері түрлі дәрежеде жарақат алған. «YDD Corporation» баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда барлық зардап шеккен цех жұмысшылары ауруханаға жатқызылған. Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ал Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы түсініктеме берді.
«2024 жылғы 20 шілдеде профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға өндірісте алған күйік жарақаттарымен өнеркәсіп кәсіпорнының 8 қызметкері жеткізілді. Зардап шеккендердің алтауы реанимация және қарқынды терапия бөліміне, екеуі комбустология бөліміне жатқызылды. Зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр, екеуі ауыр, бір науқас орташа ауыр деп бағаланды. Пациенттер толық көлемді барлық қажетті ем алып жатыр», деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша жергілікті полиция қылмыстық іс қозғады.
«Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған факт бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу нәтижесінде абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Мән-жайлар анықталып жатыр», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар осы жағдайға байланысты еңбек инспекциясы басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылды.