Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушілері жалақы өсіруді талап етті
7 ақпанда Қарағандыда жедел жәрдем қызметінің ондаған жүргізушісі жиналып, жетекшілерінен жалақыны өсіруді талап етті. Олардың сөзінше, медициналық қызметкерлердің жалақысы өскенімен, жедел жәрдем жүргізушілерінің айлығы артпаған.
Наразылармен денсаулық сақтау басқарамасы және кәсіподақ өкілдері кездесті. Жиынға журналистердің кіргізілмейтіні айтылған, бірақ жүргізушілердің талабынан соң тілшілер де кездесуге кірді.
Шенеуніктер жалақы өсіру жағы қазір денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып жатқанын айтты.
— Жалақысы өспегендердің қатарында жедел жәрдем жүргізушілерімен қатар басқа да жұмысшылар категориясы бар. Қазір бұл мәселені көтеріп, министрлікпен талқылап жатырмыз. Біздің тарапымыздан, кәсіподақ тарапынан хат жолдадық. Мәселе оң шешіледі деп ойлаймыз. Кейбір категорияда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы өспегені бір жағынан дұрыс емес, — деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Тұяқова.
Облыстағы басқа қалалар мен аудандардан келе алмаған жүргізушілер жиынға видеобайланыс арқылы қатысты. Олар жедел жәрдем көлігі бүлінсе я бұзылса өз ақшаларына жөндейтінін не жұмыстан қуылатындарын айтты. Жүргізушілер жедел жәрдем көлігі жөндеуде тұрғанда оларға жалақы есептелмейтініне де шағымданды.
— Жол-көлік оқиғасына ұшырадым. Көлікті қарыз алып жөндеттім. Енді мені жұмысқа шығармай отыр. Ақпанда жоспарда аты-жөнім тұр, бірақ жұмысқа жібермей жатыр, — деді жүргізушілердің бірі Жомарт Сыздықбаев.
Оның сөзінше, мұндай қиын жағдайға көптеген әріптесі тап болған.
Жүргізушілер жедел жәрдем көлігіне видеорегистратор орнатуды талап етеді. Олар осы арқылы жол-көлік оқиғасына ұшырағанда кімнің кінәлі екенін анықтауға болады деп санайды. Наразылар жедел жәрдем көлігіне екі жақты сақтандыру жүйесін енгізуді де талап қылды.
Жиында денсаулық сақтау басқарамасы мен жедел жәрдем қызметі станциясының жетекшілері мәселелерді шешуге тырысатындарын айтты. Бірақ басшылар кейбір мәселені тек үкімет шеше алатынын жеткізді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің айлығын 30 пайызға, медбикелердің айлығын 20 пайызға өсірген. Бірақ жедел жәрдем қызметкерлерінің айлығы өзгермеген еді.