Қарағандыда полиция рұқсат етілмеген акцияға шыққандарды ұстады

0

1 мамырда Қарағандыда бірнеше адам облыстық әкімдік ғимаратына жақын жердегі алаңға барып, астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсы шыққан. Жиналғандар «Бәріміздің таңдауымыз бар», «Өмір бойы қорқып тығылу немесе шығып пікіріңді айту», «Қорықпаңыз, Жаңаөзен мұнайшылары сияқты сізді атпайды, өлтірмейді» деп айқайлап, «шал кет!» деп те ұрандатқан. Акцияға шыққандардың аты-жөндері әзірге белгісіз.

Оқиға куәгерлері бірнеше минуттан соң алаңға полиция қызметкерлері келіп, бір азаматты ұстағанын айтады. Полиция өздеріне қарсылық көрсеткен азаматтың қолын қайырып, көлікке күшпен отырғызған. Кейінірек акцияға шыққан қалған азаматтарды да ұстаған. «Не үшін азаматтарды ұстап жатсыздар?» деген сұраққа полиция қызметкерлері жауап бермеген.

Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментіне хабарласып, қанша адамның ұсталғанын білуге тырысты. Полицияның баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Сембеков кейінірек ақпарат беретінін айтты. Полиция өкілдері ұсталғандармен «жұмыс жүріп жатқанын» айтқан.

«Біздің таңдауымыз бар» деген ұран Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 1 мамырда болған наразылық шаралары кезінде де айтылды. Бұл — 21 сәуірде Алматыда 15 күнге қамалған белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековтің марафон кезінде іліп қойған плакатында болған жазу.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүзден астам адам наразылыққа шығып, маусым айында өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда полицияның арнайы жасақ өкілдері ондаған адамды ұстап әкетті. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен президенттіктен кетіп, орнына сол күнге дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ал сенат төрағасы болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.

Наурыздың 20-сы күні Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен Тоқаев мемлекет астанасының атауын Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынған. Бірнеше күннен кейін Астананың атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.

Сәуірдің 9-ы күні президент Тоқаев биылғы маусымның 9-ында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы Тоқаевты ерте сайлауға ұйым атынан үміткерретінде ұсынған.

Қазақстандық кейбір оппозициялық ұйымдар кезектен тыс сайлауға бойкотжариялауға шақырған.

Azattyq