Қарағандыда «пара алды» деп айыпталған судья 9 жылға сотталды

0

10 тамызда Қарағандыда парақорлық жасады деп айыпталған судья мен заңгер ісі бойынша үкім шықты.

Сот Қарағанды облыстық ауданаралық экономикалық сот судьясы Ержан Абдуллин «Оливия» компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкинадан пара ретінде 10 мың еуро және 3 миллион теңге ақша алған деген қорытынды жасады.

Судья Ғабдуллин «алаяқтық жасады» және «пара алуға итермеледі» деп айыпталып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, заңгер Кантер-Скрипкина «пара беруге тырысты» деген айыппен 3 жылға түрме жазасын алды. Судьяның пәтерін тінту кезінде табылған 10 мың еуро мен 3 миллион теңге мемлекет есебіне тәркіленді.

— Ғабдулллинге қатысты сот оның антты бұзғанын және қылмысы сот билігінің беделін түсіретінін қаперге алды. Сондықтан сот оны тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен дұрыс деп тапты. Ал Кантер-Скрипкина бойынша, сот оның кінәсін мойындап, ісіне өкінетінін, тергеуге көмектескенін, қылмысты ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескеріп, үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды, — деп түсіндірді судья Саян Аққожин.

Тергеу мәліметтері бойынша, арендалық тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесін даулап жатқан «Оливия» ЖШС өкілі, заңгер Кантер-Скрипкина судья Ғабдуллиннен өзі қалайтын шешім шығаруға ат салысуды сұраған. Басқа судья қарап жатқан іс бойынша жағымды шешім шығартуға көмектесемін деп уәде берген Ғабдуллин 10 мың еуро және 3 млн теңге көлемінде пара алған делінген сот материалында. Кантер-Скрипкина айыбын мойындап, өкінетінін айтқан. Ал Ғабдуллин кінәсін мойындамайтынын, ақшаны ескі танысы Кантер-Скрипкина «мазасын алып, қоңырау шала бермес үшін» уақытша алып, кейін қайтарып бермек болғанын айтты.

Бұрынырақта болған жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Ғабдуллинді – алты жылға, ал Кантер-Скрипкинаны – 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ғабдуллиннің қорғаушысы оны толық ақтауды өтінсе, Кантер-Скрипкинаның адвокаты жеңіл жаза беруді сұраған.

Сот процесі мамырда басталған, сотталушылар ақпан айынан бері уақытша қамау изоляторында отыр.