Қарағандыда ойыншық тапаншамен үй тонаған жігіттер ұсталды

0

Алматы мен Қарағандының төрт тұрғыны ойыншық тапанша алып, Қарағандының Таугүл шағын ауданындағы екі қабатты үйге баса көктеп кірген. Олар үй иелерін скотчпен байлап тастап, алтын бұйымдар мен ақшаны және көліктерін алып кеткен деп хабарлайды NUR.KZ.

Көрнекі фото: altapress.ru

Көрнекі фото: altapress.ru

Күдіктілер Алматыда табысқан. Қарағандылық жігіттердің бірі оңтүстік астанадағы мешітте Талғат есімді жігітпен танысады. Бұрын сотты болған азамат бірігіп, Қарағандыдағы үйлерді тонауға шақырған.

Сонымен, үш қарағандылық пен бір алматылық ортақ шаруаға кірісіп кетеді.

Жігіттер Таугүл шағын ауданындағы екі қабатты үйдің қақпасынан секіріп кіріп, есігін қағады. Үй иесі есікті ашқан сәтте оның басына ойыншық қаруды тақап, отбасы мүшелерінің бар әшекейін шешіп алған.

Бұзақылардың бірі балалар мен ата-анасын ойыншық тапаншамен қорқытып тұрған. Ал басқалары екінші қабаттағы ақша мен барлық алтын бұйымдарды алып шығыпты. Сондай-ақ, гаражда тұрған «Фольксваген» маркалы көлігін де айдап әкетеді.

Полиция қызметкерлері бірнеше апта ішінде қарағандылық күдіктілерді ұстады. Алматылық жігіт болса әлі тығылып жүр екен. Қарудың ойыншық болғаны әлі дәлелденген жоқ. Себебі азаматтар оның көзін құртып үлгерген екен. Ал ұрланған көлік Ермеков көшесіндегі көпқабатты үйлер арасынан табылды.

Күдіктілер бар кінәні алматылық достарына жаба салғысы келгенімен, сот төрешісі олардың барлығын кінәлі деп тапты. Үш азамат 10 жылға, 8 жылға және 7 жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Сондай-ақ, сотталушылар үй иесіне моральдық шығын ретінде 1 миллион 800 мың теңге төлеуге міндеттелді.