Қарағандыда ит талап өлтірген 6 жастағы қызға қатысты тың деректер шықты
Сәтбаев қаласында иесіз ит көбейіп барады. Өйткені ветеринарлық қызмет тек көшеде жүрген хайуандарды ғана аулай алады. Ал қаладан ұзап, саяжайларға бара бермейді. Мамандардың айтуынша, бюджеттен қарастырылған 6 миллион теңге тек қала ішіндегі иттерді аулауға бөлінген.
Бұл туралы KzNews.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетейік, кеше кешке таман осы қаладағы саяжай массивінде 6 жастағы қыз баланы ит талап өлтірген болатын.
Қабаған иттердің азуында жантәсілім болған 6 жастағы қыздың мәйітін көргенде, көпті көрген жедел жәрдем қызметкерлері де абдырап қалыпты. Олар тек бүлдіршіннің көз жұмғанын бекіткен. Бейкүнә балақайдың қасқырдай қаңғыбас иттердің құрсауында қалай қалып қойғаны белгісіз.
«Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Полиция департаменті тарапынан ветеринариялық қызметке ұйғарым жіберілді», — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы м.а. Бақытжан Құдияров.
Бұл отбасында 3 бала бар. Сол күні кішкентай қыз әжесімен үйде қалған екен. Ал анасы мен өгей әкесінің қайда болғаны әзірге белгісіз.
«1993 жылғы келіншек тұрмысы төмен отбасы ретінде қорғаншылық органдарында тіркеуде тұрған. Қазір қалған екі баласы уақытша әлеуметтік оңалту орталығына орналастырылды. Баланы жерлеу рәсіміне жергілікті әкімдік көмектеседі», — деді Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Төтеева.
Кешеден бері төтенше жағдай болған жерден 7 ит атылған. Негізінен ит ататындар тұрғындар тарапынан шағым түскен жерге барып тұзақ құрады. Саяжай маңынан шағым түспеген. Оның үстіне бұл қаладан қашық болғандықтан, тізімге кірмеген.
«Сәтбаев қаласы бойынша 6 млн теңге бөлінген. 2250 ит пен мысық ауланған. Әрине, енді осы аумақта болған соң, бүгінгі жайтқа байланысты тағы да қаңғыбас иттерді аулау үшін жұмыстар жалғасуда», — деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Оспанов.
Ал жануарлар құқығын қорғаушылар мұндай сорақы жағдай қайталанбас үшін қазір қаралып жатқан заң жобасы бүге-шүгесіне дейін зерттелуі керек дейді. Содан соң әр үй жануары өз қожайынына тіркелуі тиіс деген пікірде.
«Бүлдіршінге тап берген иттер – жаздыгүні саяжайда қожайындарына қалтқысыз қызмет еткендер. Ал иелері болса, маусым аяқталған соң оларды тастап кете береді. Міне, содан кейін аш қалған қаңғыбас иттер көбейіп кетеді. Бұлай болмас үшін үй жануарын өз қожайындарына міндетті түрде тіркеу керек. Сонда заңдық жауапкершілік бар екенін сезінетін болады», — дейді «Дари Добро» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Инна Радченко.
Жалпы, облыс бойынша биыл қараусыз қалған ит-мысықтарды жоюға 69 млн теңге бөлінген. 18 мыңының көзі жойылған. Жоспар бойынша бұл сан 1500-ден аспайды деп жоспарланған. Бұл қаңғыбас иттердің қаншалықты көбейіп кеткенін көрсетеді.