Қарағандыда «Бақытты отбасыға» көңілі толмаған аналар әкімдікке келді
23 шілдеде Қарағандыда бір топ әйел Майқұдықтағы мәдениет үйіне келіп, тұрғын үймен қамтамасыз ететін «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысты наразылықтарын білдірді. Наразылар «бағдарлама шала, ақпарат жеткіліксіз» дейді. Мәдениет үйінде екінші күн қатарынан бағдарламаға құжат қабылдап жатыр.
Әкімдік өкілдеріне сұрақ қоюға келген онға жуық әйелді фото-видеокамераға түсіп қалмауға тырысқан полиция мен жай киімдегі бірнеше адам сырттан бақылап тұрды.
— Мен тегін үй сұрап тұрғам жоқ, мен ең болмаса шарттары қолжетімді ипотека сұраймын. Мен 50 мың теңгеге пәтер жалдаймын, төрт балам бар, күйеуім қайтыс болған. Басымда кредитім жоқ, бірақ баспанаға қолым әлі жетпей келеді. Мұндай бағдарламаның бар екенін ешкім білмейді, шарттары дайын емес, — дейді Күннұр Тәңірбергова.
Көп балалы әйел баспанаға мұқтаждарға қол жетімді болу үшін бағдарламаға өзгеріс енгізу қажет екенін айтады.
— Бұл аз қамтылған отбасыларға арналған бағдарлама ғой. Ал мында бір миллион теңге көлемінде алдын ала төлем жасау керектігі жазылған. Көп балалы, я мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасында ондай ақша қайдан болсын? Алғашқы төлемсіз үй алуға болмай ма? Екіншіден, барлығымыз кезінде алған кредиттерімізді төлей алмай кредит тарихымыз бұзылған. Сондықтан бұл — шарттардан ешкім өте алмайтын, жүзеге аспайтын бағдарлама, — деді Азаттық тілшісіне Қарағанды тұрғыны Алтынай Айсанова.
Шенеуніктер бағдарламада көп балалы аналар, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алатынын айтты. Билік өкілдерінің сөзінше, Қарағанды қаласында бағдарлама бойынша 200-ден аса адам кеңес алып, кейбірі құжаттарын тапсырған. Қала бойынша 17 мыңға жуық адам кезекте тұр.
— Бағдарламаға қатысу үшін бірнеше құжат жинап, тапсыру қажет. Егер бір құжат жетпей қалса, бағдарламаға қатыса алмайтындығы жайлы жауап келеді. Содан кейін әйелдер «жергілікті атқарушы орган құжаттарды әдейі қабылдамайды, әдейі өткізбей қойды» деп ашуланады. Біз бәрін түсіндіруге тырысамыз, жеткіліксіз құжатты толықтырып, қайта өткізуін сұраймыз. Мұның барлығы қаулыда жазылған,- деді Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастары бөлім бастығының орынбасары Әсет Алдабергенов.
Жиналған әйелдер сұрақтарын қойып, жауабына көңілі толмаса да тарқасты.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасына құжат тапсыру жайлы билік биыл наурызда хабарлаған. Бағдарлама шарты бойынша жеңілдетілген ипотека үшін алдын ала төлем баспана құнының 10 пайызын құрайды, ал 18 жылдық ипотека екі пайызбен беріледі. Қазақстан билігі бұл бағдарламаны елде көп балалы аналардың наразылығы күшейген тұста жариялаған.
Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.