Қарағандыда адам өліміне себепші болған «Лексус» жүргізушісі сотталды – Қазақстан жаңалықтары

0
70

Қарағандыда бір адамның өмірін қиған «Лексус» жүргізушісі бес жылға абақтыға жабылды. Бұған қоса ол марқұмның анасына 10 миллион теңге төлейтін болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

дтп

«Сәрсенов ҚК 345 бабы 3 бөлімі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса ол өмір бойына көлік айдау құқығынан айырылды», – деді Қарағандының Қазыбек ауданыдық сотының судьясы Саян Аққожин.

Бұл жол ережесін бұзғаны үшін тағайындалатын жазаның ең ауыры. Серікбол Сәрсенов аталмыш заңға түзетулер енгізілмей тұрып адам өліміне себепші болған. Мұнымен қоймай ішімдікке тойып алған ол оқиға орнынан құны 30 миллион теңге тұратын көлікпен ізін суытпақшы болған. Сондай-ақ Сәрсенов үйдің ауласындағы қоршауды бұзып өтіп, онда тұрған бес көліктің быт-шытын шығарған. Аулада тұрған көліктердің ішінде 26 жастағы бойжеткен болыпты. Ол 16 күндік комадан сол күйі оянбай, қаза болған.

Сот марқұмның анасының моральдық шығын туралы өтінішін қабылдап, айыпталушыға10 миллион теңге айыппұл салған. Мұнымен қоймай ол бойжеткенді жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды өтеп, жол оқиғасынан зардап шеккен басқа азаматтарға жартылай өтемақы төлеуі тиіс. Бақилық болған азаматшаның анасы сот шешіміне шағымданбайтынын жеткізіпті.

«Қызымды кері қайтара алмаймын, бірақ кінәлі азаматтың жауаптан қашып құтылмағанына қуанып отырмын. Бұл оқиға басқаларына үлгі болса екен деймін. Жүргізушілер көлікті мас болып айдамаса игі болар еді», – дейді марқұмның анасы Римма Карчаускайте.

Бұған дейін Қарағандыда бес көлікті соғып, бір адамның өліміне себепші болған мас жүргізушінің белігілі кәсіпкер екені анықталған болатын.

stan.kz