Қарағандыда 21 мың теңге жәрдемақы алып келген көпбалалы отбасының екі компаниясы бар боп шықты — Қазақстан жаңалықтары

0

21 мыңды халыққа жаппай таратқан үкімет енді құжат жүзінде кірісі асып кеткендердің ақшасын сотпен қайтаруды шындап қолға алып жатыр. Қарағандыдағы сондай тексерістерде жыл сайын миллиондап салық төлеп отырған отбасы жәрдемақы алып келгені анықталды. Төрт баласына 85 мың теңге алған әулеттің атында екі компания тіркелген екен. Ал Қарағандының жұмыспен қамту орталығы отбасының аз қамтылған әулеттің қатарына жатпайтынын әлеуметтік желіден көріпті.

Қарағандыда 21 мың теңге жәрдемақы алып келген көпбалалы отбасының екі компаниясы бар боп шықты

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Атаулы әлеуметтік көмекті 2 ай бойы алып келген Ардақ Жақанова кең сарайдай зәулім коттеджде тұрады екен. Екі қабатты котедж күйеуі Жанболат Қаржауовтың атында ресми тіркелген. Мұнан өзге, 4 балалы отбасының атында екі жекеменшік компания бар. Жанболат Қаржауовтың өзі зәулім үйде тұратынын растап отыр.

Екі бірдей бизнестің иесі жыл сайынғы салық төлемдерін ешкімнен жасырмаған. Ашық дереккөздерінен кәсіпкердің әр жылдарда мемлекет қазынасына миллиондап ақша аударғанын еш қиындықсыз анықтауға болады. Дегенмен 4 баласы үшін мемелекеттен алып келген 85 мың теңгеден оңайлықпен бас тартқысы жоқ. Ақшаның артығы жоқ деген Жанболат Қаржауов әлеуметтік көмекті тоқтатып тастағандарды сотқа беремін деп отыр.

«Үлкен үй – шешемнің коттеджі. Бірақ менің атымда. Егер көмекті тоқтатса, мен сотқа беріп, соны дәлелдеймін. Берсем, дәлелдегеннен кейін ғана өзім бас тартамын. Дәлелдеуге тырысамын», — дейді Қаржауов. 

Pk.uchet.kz сайтында Жанболат жетекшілік ететін компаниялардың бірінен түсетін салық көлемі 4 жылда 2 миллионнан бастап, 17 миллион теңгеден асыпты. Мәселен, кәсіпкер биыл 4 млн 904 мың 900 теңге салық төлеген. Ал екінші компаниясы үшін соңғы 3 жылда 8 млн теңгеге жуық салық төлеген. 
Десе де Жанболат Қаржауов екі компанияның да жағдайы мүшкіл екенін айтып отыр. Тіпті, бірі банкротқа ұшыраған. Сол үшін жұбайына тиесілі көлікті де сатуына тура келіпті. 

Ал әдетте жасырын табысты мүдірмей анықтайтын жұмыспен қамту орталығы бұл жолы көпбалалы отбасының табысын көрмей қалдық дейді. Ардақ Жақанова құжат тапсырғанда өзінің айлығы 50 мың теңге, жолдасы 60 мың теңге алатынын көрсеткен. Орталық мамандары отбасының молшылықта отырғанын әлеуметтік желіден көрген. 

«Біздің базада адамның қандай да бір қосымша автокөлігі бар ма, шотында миллиондаған ақшасы бар ма немесе атында басқа да тұрғын үйлер бар ма, мұндай мәліметтерді көре алмаймыз», — дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Бақытнұр Төліпова. 

Енді екі ай бойы 85 мың теңгеден алған көпбалалы отбасы ақшаны үкіметке қайтаруы мүмкін. Жұмыспен қамту орталығының мамандары 170 мың теңгені өндіріп алу үшін сотқа арыз түсірген. 

stan.kz