Қарағанды соты «пара алды» деп сотталған прокурордың үкімін өзгертпеді

0

18 маусымда Қарағанды облысының сот алқасы екі ай бұрын «пара алды» және «қызметін асыра пайдаланды» деп айыпталып, сегіз жылға сотталған Ерлан Б есімді прокурордың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Апелляциялық алқа «прокурор алған парасынан (300 мың теңге) 60 есе көп айыппұл (18 миллион) төлесін» деген алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Адвокат «тергеу кезінде заң көп бұзылды» деп, соттан қорғауындағы адамды ақтауды сұрады.

Cотталушы прокурор бұған дейінгі сот отырыстарында өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ұстау кезінде көлігінен табылған 300 мың теңгені «арызданушылардың бірінен қарызға алған қаражат еді» деген. Бірақ «жапа шектім» деген адам «прокурорға қарыз беретіндей бұрыннан таныс емесін және ақша ұсынуға мәжбүр болғанын» айтқан.

Тергеу материалына сай, прокуратура қызметкері «жезөкшелердің ордасын құрды» деп айыпталғандардан «жазадан құтылуға көмектесем» деп пара алған. Прокурорды былтыр көктемде ҰҚК мен прокуратураның қауіпсіздік қызметкерлері ұстаған.

Ал биыл сәуір айында сот оны сегіз жылға соттаған және «бұдан былай мемлекеттік қызметте істемесін» деп үкім шығарған.

Azattyq