Қарағанды саябағындағы бала өлімінен соң бір шенеунік қызметінен босады

0

Қарағандының орталық саябағында 25 мамырда батут аударылып, 11 жасар бала өлген соң Қарағанды әкімінің орынбасары Сәбит Оспановқа — сөгіс, қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Дүйсембековке қатаң сөгіс жарияланды.

Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіров әкімдікте өткен жиын кезінде саябақтағы бала өлімін «сабақ алатын қайғылы жағдай» деп атады. Ол «адам өлімі мен балалар денсаулығының зардабына әкеп соқтырған салғырттығы және өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармағаны» үшін Қарағанды қаласы саябақтарды басқару бөлімінің басшысы Рүстем Көдебаевтің қызметтен босатылғанын хабарлады.

25 мамырда Қарағандыдағы орталық саябақта қатты желден батут аударылып, соның салдарынан 11 жасар бала өлген. 2004 және 2012 жылы туған екі бала түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Жарақат алған балалар қазір емделіп жүр.

Әкім Әубәкіровтің айтуынша, бұл оқиғадан соң ұсталған азамат батутты «саябақ аумағына заңсыз орнатқан әрі ережені сақтамаған».

Билік бұл жағдайдан соң Қарағандының барлық саябағындағы әткеншектерді пайдалану ережелерін бақылау күшейгенін хабарлады. Әкімдік дерегінше, Қарағандыда жазғы маусымға кәсіпкерлермен саябақтарда 16 батут орнату туралы келісім-шарт жасалған. «Олардың техникалық жағдайын инженерлер тексереді» деді билік өкілдері. «Бала мерт болған батут тексерілген бе еді?» деген журналистер сұрағына шаруашылық бөлімі басшысы Әлібек Дүйсембеков тергеу жалғасып жатқанына сілтеп, жауап берген жоқ.

Қазір Қарағандыда арнаулы рұқсаты бар 16 батуттың уақытша жиналып тұрғаны белгілі. Әкімдік дерегінше, батут маусымы басталғалы пайдалануға рұқсат берілмеген 10 батут анықталған.

Өткен жылы мамыр айында астанада қатты жел болып, үстінде балалар ойнап жүрген батут аударылып кетіп, бес бала ауруханаға түскен. 2017 жылы мамыр айында Павлодарда төрт бала зардап шеккен.

Azattyq