Қарағанды облысының прокуроры неліктен погонын теріс тағып алғанын түсіндірді

0

Қарағанды облысының прокуроры неліктен погонын теріс тағып алғанын түсіндірді, — деп хабарлайды Kznews.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің жетекшілігімен өткен аппараттық кеңесте қызық оқиға болды. Жиында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Қарағанды ​​облысы бойынша департаментінің басшысы Жұлдыз Бұламбекова да сөз сөйледі. Желі қолданушылары қадағалау органы өкілінің арнайы киімінің жарғыға сәйкес келмейтінін, оның оң иығындағы погоны қарама-қарсы бағытта бекітілгенін байқаған.

Жұлдыз Бұламбекова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында бұл оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, әкімдіктегі отырыс бейнеконференция байланыс арқылы таңғы сағат 8.30-да басталған.

«Бір күн бұрын жейдемді жудым. Таңертең асығыс болғандықтан, жейдеме погон тағуды жасөспірім қызыма тапсырғанмын. Сосын тез киініп, әкімдікке жүгірдім. Себебі, жиналыста бірінші сөйлейтінмін. Жолда, әкімдікте погонымның теріс тағылып тұрғанын ешкім айтпады. Бейнеконференцияға қосылып, баяндамамды оқыдым.

Бар болғаны осы. Үйде асығыс болғандықтан айнаға да қарап үлгермедім. Тек кейінірек, біраз уақыттан кейін жиналыстан шыққанымда, погондардың дұрыс салынбағанын білдім», — деп түсіндірді ол.

Бұламбекова бұдан былай жұмысқа өзі киімін дайындайтынын айтты.

«Қызыма ұрысқан жоқпын, кінәлі өзім ғой. Кішкентай қыз қайдан білсін. Бұдан былай погондарды өзім бекітемін. Болған жағдайға өкінемін. Қазір мен интернеттегі «жұлдызмын». Жалпы, мұндай оқиға менің өмірімде бірінші рет болып отыр», — деді басқарма бастығы.