Қарағанды облысының әкімі өңірдегі күрделі мәселені шешуге сөз берді
Жеңіс Қасымбек 2024 жылға қарай Қарағанды облысындағы өндірістік кәсіпорындар ауаны ластамайтынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 20 желтоқсан – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі күрделі мәселені шешуге сөз берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдымен ол Теміртау қаласындағы экологиялық мәселеге тоқталып, қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Кеше қала әкімі мен барлық өндірістік кәсіпорын басшыларының қатысуымен үлкен жиналыс ұйымдастырылды. Теміртау экологиясы айтарлықтай ластанған қала. 1,5 ай бұрын экология министрі кәсіпорындармен атмосфераға зиянды заттарды шығару мөлшерін төмендету кестесі бойынша меморандумға қол қойды», — деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Алайда Жеңіс Қасымбек бұл шара мәселені толық шеше алмайтынын ашық айтты.
«Себебі, Теміртаудағы жағдайдың қандай екенін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Қазіргі таңда кәсіпорынның басшылығы ауысты. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта кең көлемде жиналыс ұйымдастырылады. Онда ауаға зиянды заттардың бөлінуін азайту мәселесін талқыға саламыз», — дейді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол бүгінгі күні парламентте экологиялық кодекс жобасының қаралып жатқанын жеткізді.
«Бұл құжатта өндіріс кәсіпорындарына қойылатын талап күшейген. Мысалы, Балқаштағы «Қазақмыс» компаниясы бірнеше жыл қатарынан ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Нәтиже де айтарлықтай жақсарған. 2024 жылға қарай бұл зауытта ауаны ластаушы зат мүлде болмайды. Мұндай жұмыстарды облыстағы ауаны ластаушы барлық кәсіпорын жүргізетін болады», — деп түйіндеді сөзін Жеңіс Қасымбек.
sputniknews.kz