Қарағанды облысындағы үш жасар баланың өлімі: Марқұм сәбидің анасы алғаш рет қайғылы оқиға жайлы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0


Бөгде адамдар марқұм сәбидің анасына түрлі айыптар таққаннан кейін қазақстандық әйел ашық сұхбат беруді жөн көрген. 

Ника Васильева күдікті Игентай Сопыжановпен 15 жасында танысқан. Жігіт әкесімен бірге ол тұрған ауылға көшіп келіп, көрші үйде тұрған. Әйелдің айтуы бойынша мектепте оқып жүргенде Сопыжанов оның алғашқы махаббаты болған. 

«Менен бір жасқа үлкен еді, маған көңіл бөліп жүрді. Екеуміз достасып кеттік. Бұл мектеп кезіндегі махаббат еді. Мұндай қарым-қатынас барлығында болатын шығар. Біз екі жыл жүрдік. Сол уақыт аралығында ол 9 сыныпты аяқтап колледжге түсті, мен оны күттім. Ата-анамыз тым жас екенімізді алға тартып, бізге әлі кішкентай екенімізді айтты, бірақ біз ешқандай жамандық жасаған жоқпыз. Бір күні ол анамның алдына келді де мені жақсы көретінін, маған үйленетінін айтты.  Сосын өсек болмасын деп оның ата-анасы келді. Ол менің, мен оның үйіне барып жүрдім. Әрқашан мені сүйетінін айтатын. Барлығы жақсы еді. Бірақ арада шамалы уақыт өткеннен кейін ол өзгеріп шыға келді. Ашушаң бола бастады», — деді Ника Васильева.  

Бойжеткен жігітінің бойындағы өзгерістерден қорқып қалған. Сопыжанов оған қол көтеруді шығарған. Бірнеше рет қол көтерген соң Ника Васильева жігітімен айырылысу туралы шешім шығарады. Сопыжанов болса мұндай әрекеттердің ешқашан қайталынбайтынын айтып, кешірім сұрап алады. Алайда өз сөзінде тұрмай, қызына қол көтере берген. 

Бойжеткеннің денесінде, бетінде соққылардан қалған көкпеңбек іздерді анасы көріп, жігітпен сөйлеспек болады. Бірақ сөйлесуге үлгермейді. 2014 жылдың 23 мамырында Игентай Сопыжанов Ника Васильева мен оның құрбысына шабуыл жасайды. Васильеваның анасының егіз сыңарын өлтіреді. 

«Тәтемді неге өлімге қиғанын білмеймін. Ол кісі біздің қарым-қатынасымызға кедергі келтірген жоқ. Тәтеме анасына қарағандай көңіл бөлген еді. Түнгі үштердің кезінде ол мені және құрбымды аңдып, даладағы дәретхананың жанында соққыға жықты. Басым жарылды. Менің үйіме қонған құрбым айғайлап, терезені тарсылдатып қақты. Далаға анам мен өгей әкем атып шықты. Ал ол қашып кетті. Сол түні ол балғаны алып, менің тәтеме шабуыл жасаған екен. Сосын оны іздегенде жолаушылары бар пойыз әдейі төңкеріліп кетуі үшін рельстерге төсемелерді қойғаны белгілі болды. Біз бұл туралы полицейлерге де, сотта да айтып бердік. Бірақ мән бермеді», — деп жалғастырды Васильева. 

Бойжеткеннің айтуы бойынша, Сопыжанов оның терезеге қарап, сыртқа шығуын түні бойы күте алатын. Васильеваның тәтесі өлгеннен кейін туысқандары мен ауыл тұрғындары бойжеткенді даттай түсті. 

Жасаған қылмысына қарамастан Сопыжанов Васильеваға хаттар жазған, бірақ бойжеткен оған бірде-бір рет жауап бермеді. Ол 19 жасында тұрмысқа шығып, өмірге Максимді әкелді. Бірақ ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына сызат түскен соң, екеуі ажырасып кетеді. 

«Максим туылғанда әкесі ауырып қалды. Аурудың балама жұғып кетуін қаламадым, анама уақытша барып тұрдым. Бірақ ол және оның туысқандары мұны сатқындық деп түсінді. Бір аптадан кейін үйіме қайтып келгенде мені кінәлай бастады. Кетіп қалдым. Арада уақыт өткеннен кейін екінші күйеуіммен таныстым. Оған тұрмысқа шығып, тағы да бір ұлыма өмір сыйладым. Сап-сау болып туылған Иван өсе келе аурушаң болып кетті. Қиын кезеңді бастан өткердік, дәрі дәрмек алуға ақша жетпейтін. Күйеуіммен көзге келіп қала бердік. Сол кезде қайтадан Игентай пайда болды. Мен оның колониядан оралуын күткен жоқпын. Ол наурыз айында қайтып келіп, қайтадан мені аңдыды», — деді бойжеткен. 

Ника Васильева соталған жігітпен бір ай көлемінде араласқан. Айтқан сөздеріне сенген. Сопыжанов діни көзқарастарын әйелдің бойына дарытпақ болған соң, Васильева араласқысы келмейтінін айтқан. 

«Қатаң бақылауда болуы тиіс еді. Бірақ ол емін еркін жүрді. Ауылға жиі келіп, маған үнемі қоқан-лоққы көрсетті. Онымен кездескенімді қалады», — дейді марқұм Максимнің анасы. 

Тамыз айында Сопыжанов оны екі рет күштеп Қарағандыға алып кеткен. Екі рет Васильева қашып кетіп, пробациялық қызметке шағымданды. Бірақ Сопыжанов қатысты ешқандай шара қолданылмаған. Соңғы рет тамыз айының соңында бойжеткен полицияға арыз жазып, соққыға жығылғанын айтты. Ал сотталған жігіт арызды қайтарып алуын талап етті. Васильеваны баласы Максиммен бірге алып қашып, сарайға қамап қойған. Максим қарны ашқанын айтқан соң, Васильева Сопыжановтан жақын маңайдағы дүкенге барып келуін сұраған. Ол кетіп қалғанда бойжеткен ұлын алып, аула арқылы қашып кетеді. Бірақ Сопыжанеов оларды қуып жетеді. Сол кезде Васильева дүкен иесінен үйге апарып тастауын сұрайды. 

«Дүкен иесі үйіне кіріп, киімін ауыстырып шығатынын айтты. Ал бізден далаға шығып күте тұруымызды сұрады. Сол кезде Игентай Максимді қолымнан жұлып алып, қашып кетті. Дүкен иесі екеуміз артынан жүгірдік, бірақ қуып жете алмадық. Телефоным ұлымда қалды. Мен полицияға барып, бөтен нөмірден  хабарластым. Сосын іздей бастадық. Максимді барлық жерден іздедік. Сопыжанов менімен бірнеше рет байланысқа шығып, бірнеше рет кездесуге шақырды. Кел деген жеріне бардым, бірақ ол келмеді. Жаздым, баламды қайтарып беруін, оның орнына мені алып кетуін өтіндім. Бірақ ол жауап бермеді. Сосын баламның өлі күйінде табылғанын естідім. Баламның беті қатты ұсқынсыз болып кеткен», — деді Васильева. 

Марқұм Максимнің анасы болған жайтқа әлі де сене алар емес. 

stan.kz