Қарағанды облысында жолаушылар пойызының вагондары рельстен шығып кетті
«Қазақстан темір жолының» баспасөз қызметі оқыс оқиға боран соғып, жол мүлде көрінбей қалған кезде болғанын атап өтті
Нұр-Сұлтаннан Жезқазғанға бара жатқан жолаушылар пойызының төрт вагоны рельстен шығып кетті. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Оқиға 23 қаңтар күні сағат 21:43-те Қарабас стансасында (Қарағанды жол бөлімшесінің учаскесі) болды.
«Нұр-Сұлтан – Жезқазған бағытындағы №108 жолаушылар пойызының төрт вагоны жолдан шығып кетті. Пойыз құрамасында 16 вагон болды. Пойызда 683 жолаушы отырған, жарақаттанғандар жоқ», — деп жазылған «Қазақстан темір жолының» хабарламасында.
Оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, учаскеде пойыздар қозғалысы тоқтатылмады.
Ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметі атап өткендей, оқыс оқиға боран мен тоқаусыз жауған қардың салдарынан жол мүлде көрінбей қалған кезде болған.
Жолаушылар қосымша вагондарға орын ауыстырып отырды.
«Апаттың себебін тергеп, анықтау үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының арнайы комиссиясы жолға шығып кетті.
Тасымалдаушы – «Марал-Нұр» ЖШС.
sputniknews.kz