Қарағанды облысында қатты желдің екпіні автобусты аударып жіберді
Бүгін сағат 08:54 шамасында республикалық маңызы бар Бастау — Ақтау — Теміртау автожолында, Петровка ауылының маңында Ботақара — Қарағанды бағыты бойынша жүріп бара жатқан №84 маршруттық автобус аударылып қалды. Бұл туралы ҚР ІІМ мәлім етті.
Полиция қызметкерлері жолаушыларға көмек көрсетті.
Алдын ала мәліметтер бойынша оқиғаға қатты желдің екпіні себеп болды. Оқиға болған сәтте автобустың ішінде 17 жолаушы болған. Бақытымызға қарай, зардап шеккендер жоқ.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жылдам жетіп, жолаушыларға көмек көрсетті. Олардың өтіп бара жатқан көліктермен үйлеріне жетуіне атсалысты.
Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ шетелдегі қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескерткенін жазған болатынбыз.