Қарағанды облысында қыз жүкті болып қалды. Күдікті имам қамауға алынды

1

Әлеуметтік желіде Қарағанды облысында имам кәмелеттік жасқа толмаған балаға азғындық жасады деген ақпарат қызу талқыға түсті, деп хабарлайды DalaInform.

Құқық қорғау өкілдері аталған фактіге сәйкес ақпарат берді.

«2020 жылы 31 желтоқсан күні Қарағанды облыстық полиция департаментіне блогер Айсұлтан Жақыпов хабарласты. Ол «Маған Қарағанды облысында кәмелеттік жасқа толмаған тұрғынның аяғы ауырлап қалғаны туралы ақпарат келіп түсті» деді. Оның ата-анасы бұл ақпаратты жасырып қалуды жөн көріпті. Сол күні-ақ ҚР ҚК 120-баптың 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді», — деді ведомстводағылар.

Тәжірибелі полицейлер кіретін жедел-тексеру тобы құрылды. Олар аз уақытта оқиғаның қай жерде болғанын және оған қатысы барлардың бәрін анықтады.

Сотқа дейінгі тергеу барысында факті расталды. 40 жастағы қарағандылық қамауға алынды. Ол қазір қамауда.

Алайда полиция күдіктінің имам екендігін растамады, сондай-ақ, жоққа шығармады. Мұны заңға сәйкес, тергеу материалдарының бүге-шүгесі жарияланбайтынымен түсіндірді. Оның үстіне іс жыныстық зорлыққа байланысты болып отыр.