Қарағанды облысында карантин күшейтіледі

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Өңірде ХҚКО, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, қоғамдық көлік жұмысының уақытына шектеу енгізіледі   

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым – Sputnik. Қарағанды облысында карантин шаралары қайта күшейтіліп жатыр.

13 маусымнан бастап қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеледі – автобустар тек таңертең және кешке жүреді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түнгі уақытта жеке автокөліктерге жүруге тыйым салынады. Сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар да шектеулі уақытпен жұмыс істейді.  

Мұндай шешімнің себептерін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров түсіндірді.

«Өкінішке орай, карантин шараларын жеңілдету тұрғындардың бейқамдығына алып келді. Көптеген адам бетперде кимейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, қауіпсіздік ережелерін елемейді, — деп атап өтті облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері. 

77 нысан карантин режимін бұзған. Облыста COVID-19 жұқтырғандар саны қарқынды өсіп келеді. Бүгінгі күні 1 290 жағдай тіркелген. Жеті адам қайтыс болды.

«Өсімді ескеріп, қалыптасқан жағдайға баға бере отырып, біз облыста карантиннің қатаң шараларын енгізу туралы шешім қабылдадық», — деді Қанат Асқаров.

2020 жылғы 13 маусымнан бастап:

қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 10.00-ға дейін және сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін жүреді;

құқық қорғау, арнайы қызметтер мен медициналық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, жеке автокөліктің барлық түріне 23.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.

Таксимен тек бір жолаушыны немесе бір ересек адамның ертуімен кәмелетке толмаған екі баланы тасымалдауға болады.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін Жезқазған, Қарқаралы, Шет ауданы Жарық кентінің карантиндік аймақтарының периметрі уақытша белгіленеді. Олардың кіру және шығу жолдарында блок бекеттер орнатылады.

Бірқатар нысан  үшін жұмыс кестесіне шектеулер енгізіледі.

ХҚКО келушілерді сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды.

Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (орталықтары) жаңа кестеге көшеді: жұмыс күндері сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін, демалыс күндері 09.00-ден 13.00-ге дейін.

Азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін ашылады. Демалыс күндері санитарлық күн өткізу үшін жабылуы тиіс.

Стационарлы емес қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (дүңгіршектер, донерханалар, оның ішінде саябақтарда, гүлзарларда және т. б. жерлерде орналасқан нысандар) қызметіне тыйым салынады.

Мемлекеттік органдарда (ұйымдарда), ұлттық компанияларда және олардың филиалдарында, кеңселерде қызметкерлердің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс форматына көшуі тиіс.

65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығу шектеледі. 

14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз жүріп-тұруына, сондай-ақ отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуына тыйым салынады.

Қарағандыда, Майқұдық аумағында саябақтар, балалар аула алаңдары жабылады, гүлзарлар мен алаңдарда серуендеуге тыйым салынады.

Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулыларындағы талаптардың сақталуын бақылау күшейтіледі. Тәртіп бұзушыларды қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жазалайтын болады.



sputniknews.kz