Қарағанды облысында бөлінген қаржы қайда жұмсалды

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 10:36 125

«Нұрлы жол»: Қарағанды облысында бөлінген қаржы қайда жұмсалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат — Биыл Қарағанды облысында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға 9,9 млрд теңге бөлінді. Бұл ақша өңірдегі төрт көпірді жөндеуге, жолдар мен жылу желілерін қалпына келтіруге бағытталған болатын. Бұл туралы Қарағанды облыстық Ішкі саясат басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Көліктік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 24 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл  — тасқынды сулар қиратқан төрт көпірді қалпына келтіру және облыстық маңызы бар көлік жолдарының 350 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары.

Қазіргі кезде Соқыр және Талды өзендері арқылы өтетін екі көпір пайдалануға берілді. Нұра өзеніндегі көпір биылғы жылдың соңына дейін тапсырылады.

Құланөтпес арқылы өтпежолдың құрылысы жалғасуда.

Жолдарды орташа жөндеу бойынша барлық жұмыстар мерзімінде орындалған. Мердігерлер асфальт төселген күре жолдардың 151 шақырымын ретке келтірді.

Сондай-ақ 2018 жылы Қарағанды қаласындағы 4,5 шақырым жылу желілері қайта жөнделді. Осының арқасында облыс орталығындағы 1,5 мың тұрғын үй мен 217 әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысанда жылумен жабдықтау жақсарған.

Бұдан басқа, облыс аумағында «Орталық-Оңтүстік» көліктік дәліз жобасын іске асыру жалғасуда. 2019 жылдың қазан айында жалпы ұзақтығы 15 шақырымды құрайтын Қарағанды-Теміртау күре жолы учаскесін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. 

Сондай-ақ Қарағандының Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы бұл мақсаттарға 13,7 млрд теңге бөлінген.

«Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасының аясында 2018 жылы ауызсуды беру қызметтерін субсидиялауға 686,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл сомаға Қарағанды облысының тұрғындар саны 658 423 адамды құрайтын 49 елді мекені ауызсумен қамтылған. 

Сонымен бірге, «Ауылда су алу ғимаратын салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі кезде жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оның оң қорытындысы шығарылғаннан кейін, ол «Аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасының аясында іске асырылатын болады. 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz