Қарағанды облысы Атасу бекетінің тұрғындары тасқын қаупінен үйлерінен кетуге мәжбүр

0
80

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу бекетіне таяу бөлім тұрғындары су басу қатерінен қауіптеніп, кейбірі туысқандарының үйін паналап жүр. Балаларын қауіпсіз жерлерге көшіргендер бар. 27 наурыздан бері «келіп жатқан судан» бірнеше үй мен Атасу бекеті арасындағы жол жабылған. Тұрғындар сөзінше, азаматтар суды өз күшімен «ұстап тұр». Олар «құмнан жасалған қорғаныс бөгетін жасап қойдық» дейді. Жиналған суға жаңбыр суының қосылуы жағдайды ушықтырған.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір тұрғындар «үйге таяп қалған су ендігі кеткенімен, көшеде әлі жиналып тұр» дейді. Олардың сөзінше, адамдар бекетке не атпен, не қайықпен қатынап жатыр.

– Кішкентай төрт баламмен үйімнен көшіп кетуге мәжбүр болдым. Төтенше жағдайлар қызметкерлері әкелген қайық өшіп қалып, оны атқа байлап өтуге мәжбүр болдық. Бүгін кешке (28 наурызда) пойызбен туыстарымыздың үйіне кетеміз. Көршілеріміз де бекетке ертерек жетіп, пойызбен кетіп қалды. Судың тасып біткенін күтеміз. Сонда қалған мүлкімізге алаңдап отырмыз, – деді Атасу тұрғыны Жазира Жақыпбекова.

Бекеттің тағы бір тұрғыны – Күміс Дүйсенбекова Азаттық тілшісіне «тұрғындардың үйлері бөгеті бар өзен жанында екенін, барлығының алаңдауына себеп осы екенін» айтты.

– Жаңбырлы күндер басталды. Алаңдап отырмыз. Үйлеріміздің жанында тұрған өзен ағысы күшейді. 27 наурызда түнде үйге кірмес үшін суды бұрдық. Көшеде жиналған су шамамен тізеден келеді, оның қайдан келгені де белгісіз. Су тасып жатқаны биыл бірінші рет емес, – деген Дүйсенбекова төтенше жағдайлар қызметінің жұмысына шағынды.

Жағдайға қатысты Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті 28 наурызда хабар таратты. Департамент сөзінше, қызметкерлер қорғаныс дуалын мықтап, аула алдын жиналған судан тазартып, қап қойып жатыр. Су деңгейі 20 сантиметрге түскен.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Жаңаарқа ауданындағы сегіз үйіне су басу қаупі төнген Орынбай ауылының маңына да қап қойып, малды қауіпсіз жерге көшіруге тура келген. Ресми дерек бойынша, ондағы су деңгейі 15 сантиметрге түскен. Билік тасқынның алдын алу жұмыстары «тәулік бойы жүріп жатыр» деп хабарлады.

Azattyq