Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары сотталып кетті

0
30

Бүгін ағайынды Әбішевтердің ісіне қатысты сот үкімі шықты

НҰР-СҰЛТАН, 5 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Әбішев заңда белгіленген тыйымға қарамастан ағасы Әбішев Е. арқылы кәсіпкерлік қызметке қатысып, оның ісіне қамқорлық көрсеткен.

«Әбішев Е. Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мүгедек арбаларын жеткізу кезінде 101 миллион теңге сомасында бюджеттік қаражатты жымқырды. Сотқа дейінгі тергеу барысында Әбішевтер келтірілген шығынды өтеді және кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келді», – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

5 қыркүйекте Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының үкімі шығып, Әбішев мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды, сондай-ақ ол 2000 айлық есептік көрсеткіш (5 миллион 50 мың) мөлшерінде айыппұл төлейді.

Ағасы Әбішев Е. шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылды.



sputniknews.kz