Қарағанды белсендісі полиция қызметкерлерін жазалауды талап етті
Қарағандының азаматтық белсендісі Мұрат Жымбаев полиция қызметкерлерінің үстінен түсірген шағымы бойынша полиция департаментінің тергеушісі шақырғанын, кейбір мәселелерді нақтылап, тексеріс қорытындысын хабарлауға уәде бергенін мәлімдеді. Мұрат Жымбаев 2019 жылы 16 желтоқсанда, тәуелсіздік күніне арналған шаралар өтіп жатқанда үйінің алдынан ұсталған болатын.
— Мені ұстап әкеткен полиция қызметкерлерін жазалайды деп сенемін. Митинг жайлы хабар шықса, полиция мені аңдиды. 16 желтоқсанда жұмысқа шыққан едім. Бірақ есігімнің алдынан полиция ешбір негізсіз ұстап әкетіп, полиция бөлімінде ас-сусыз таңнан кешке дейін ұстап отырды. Маған берген шақыру қағаздарында мөр жоқ. Телефонымды тартып алып, Facebook парақшамдағы жазбаларымды, мені ұстап әкеткені туралы эфирімді жойып жіберді, — дейді Азаттыққа Мұрат Жымбаев.
Белсенді өзін заңсыз ұстаған полиция қызметкерлеріне шара қолдануды сұрап, 2019 жылдың 25 желтоқсанында арыз жазған. Арызды Қарағанды облысының прокуратурасы қабылдаған.
Қарағанды облысы полиция департаменті Мұрат Жымбаевтың арызы бойынша Азаттыққа мәлімет бермеді.
Мұрат Жымбаевтың сөзінше, бұрын ол бейбіт митингілер мен шерулерге қатысып жүрген, полиция бақылауына сол кезден алынған.