«Қара тізімінде болудың өзі – бір бақыт»

0

Жылдармен бірге жаныңды кейде жейді мұң,
Ұмсынып бекер, күрсініп кетер кей күнің.
– Атаққа сізді алқалап едік, ақ үйде
қара тізімде тұр екенсіз ғой,- дейді інім.

Сорапсыз сөздер шайқайды сабыр сабасын,
Ініге ізет, іздеген ақын ағасын.
– Шырағым,- деймін, -шыжғырып айтсаң шындықты,
Үкімет түгіл, үй ішіне қалай жағасың?

Сыңсиды үміт сорқұмға бұрған жылғаша,
Қайтеміз енді бермесін билік бұлдаса.
Ақкөңіл жандар алаламайды ешкімді,
Қара тізімді қараниеттер құрмаса.

Арымыз тулақ болмауы үшін тақымда,
Айтамыз әлі ақиқат-шындық хақында.
Айлаңкес пиғыл ақ үйдің қара тізімі,
Атаңның құны кетті ме мендей ақында!

Қоғамның мынау у-зәрін кімдер ішпеген,
Қараулығына қайнап кетеді іш деген.
Қай заманда да қылыш тіл қайран ақындар,
Хан сарайының қара тізімінен түспеген.

Отыз сегізде обаша қырған Алашты,
Қара тізімнің қыр-сырын тарих жаңа ашты.
Қысыр билікпен қырық жыл қырбай боп өткен,
Өтежандардың мұңымен кімдер санасты?

Көргенді жазып, өлең өреміз түн қатып,
Көз жасын халық болған жоқ әлі құрғатып.
Қазақты алдап, тонаумен болған биліктің,
Қара тізімінде болудың өзі – бір бақыт.

Темірғали Көпбай