Қара қар шағымынан соң билік АМТ-ны өндіріс қалдығын өлшейтін мониторинг жасауға шақырды
Қарағанды облысының билігі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын (АМТ) 2020 жылдың соңына дейін Теміртаудағы өндіріс орындарынан шығатын қалдықтың мөлшерін өлшейтін онлайн-мониторинг жүргізуге шақырды.
14 ақпанда Теміртауда жергілікті тұрғындар, шенеуніктер және АМТ компаниясының өкілдері қаладағы экология мәселесін талқылады. АМТ – қаладағы металлургиялық комбинаттар мен көмір шахталарының иесі.
Бұл жиын тұрғындардың қалаға жауған қардың бірден қара түске айналып кететініне шағымданған соң өтті. Тұрғындар қардың қараға боялуы әдетке айналғанын айтады.
Жиында қазақстандық және нидерландық тәуелсіз экологтар жүргізген зерттеу негізінде жасалған Теміртаудағы ауа ластану ауқымын көрсететін карта таныстырылды. Тәуелсіз сарапшылар былтыр облыстық әкімдіктің тапсырмасымен Теміртаудың ауасы, қары және топырағын тексерген.
– Қара қар – көмірмен жұмыс істейтін қара металлургияның аномалиясы. Бұған дейін бұл үйлердегі пештен шығатын түтін мен көліктердің түтіні деген уәж айтылған. Бірақ бұл расталмады. Жел соқпаса, өндіріс орындары қалдықтардың мөлшерін азайтуы тиіс. Бірақ бұған қатысты бірнеше жылдан бері талқы жүріп келеді. Маған қандай да бір іс жасалып жатқаны сезілмейді. АМТ компаниясынан әлі күнге дейін деректерді, онлайн-мониторинг жүргізуді сұрап жүрміз. Халық білгісі келеді. Украинадағы Кривой Рог жақтағы комбинатта (бұл өндіріс орны мен АМТ үндістандық миллиардер Митталдың иелігінде – ред.) қалдық 25 пайызға азайған. Ал бізде тұрақталмай тұр, тіпті өсіп барады. Ауаны тазалайды деп орнатылған жаңа құрылғы да мәселені шешпеді, — деді жиында «Облыстық экология музейі» қоғамдық қорының директоры, тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков.
Жұрт тарапынан сынға қалған АМТ компаниясының басшылығы жиында өндірістің қаладағы қардың қара түске айналуына әсер етіп жатқанын мойындады. Олар бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп уәде берді. АМТ өкілдері ТЭЦ ПВС және ТЭЦ-2 станциялары ауаны көп ластап тұр деп санайды. АМТ бас директоры мемлекеттік органдардың көмегінсіз бұл мәселені толық шешу мүмкін емес деп есептейді.
— Қалдықтарды азайтуға арналған жобалар созылып кетті. Бар мәселе осында. Маған мемлекеттің және мемлекеттік органдардың қолдауы керек. Бұл жобаларды тез жүзеге асыруға маған әкімдік көмектеседі деп үміттенемін. Қазір көп жобалар аяқталып қалды, — деді АМТ компаниясының бас директоры Биджу Наир (бұған дейін Боснияда жұмыс істеген).
Наир биліктен нақты қандай көмек керегін ашып айтпады.
Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек АТМ басшылығынан жыл соңына дейін онлайн-мониторинг мәселесін шешуді сұрады. Әкімнің сөзінше, жұрт комбинаттар қандай қалдық шығарып жатқанын, қанша шығарып жатқанын білгісі келеді.
Белсенділер бірнеше жылдан бері Теміртаудағы экология мәселесін көтеріп жүр. Олар өндіріс иелерінен ауа ластығын өлшейтін онлайн-мониторинг орнатуды талап етіп келеді.
Соңғы кезде белсенділер мен Теміртау тұрғындары АМТ компаниясының басшыларын «қоршаған ортаны улағаны» үшін АМТ басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғау керегін де айтып келеді. Олар биліктің үнсіз отырғанын да сынайды.