Қара алтынның құны қанша?
Кері кеткен мұнай бағасына тосқауыл болмай тұр
Бірақ қазіргі жағдайда мұнай экспортындағы негізгі ойыншылардың қайсысы басым болары, ОПЕК елдерінің өзара келелі келісімі қаншалықты ұзаққа созылары белгісіз. Ескеретіні, АҚШ тақтатас мұнайының әлемдік нарықтағы үлесі артып келеді. Қара алтын өндіруде алпауыт саналатын бұл елдің мұнай өндіру көлемі биыл 25 пайызға артып, рекордтық көрсеткіш орнатты. Құрама Штаттар Иранның мұнай экспортына санкция салып, елдің экономикасын біржола тұралатып қоюды жоспарлады. Ал мұнайға бай Сауд Арабиясының экономикасы соңғы жылдары «ауыр» жағдайды бастан өткеруде. Аталған елдің әл-ауқат қорындағы қаражат 250 млрд долларға дейін азайған. Ал іске асырылуы тиіс жобаларға 776 млрд АҚШ ақшасы қажет.
Кейінгі кезде әлемдегі саяси қақтығыстар мен алпауыт елдер арасындағы сауда соғысы жаһандық экономиканы қос өкпеден қысып, мұнайға тәуелді елдердің қазына қаражатын бірнеше мәрте екшелеп алуына себеп болуда. Осы орайда мұнай бағамына жасалған болжамдардың қай-қайсысы болса да жоғарыда аталған әлемдік деңгейдегі аса ірі оқиғалардан алыстай қойған жоқ. Төрт құрлықтағы қара алтын құнына қатысты айтылған әрбір пайым мен меңзеулердің бірсыпырасына назар аударып көрелік.
Лондон мен Нью-Йорк биржаларында өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы айтарлықтай арзандағанына тағы да куә болдық. Лондондағы ICE Futures биржасында қаңтарда жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 4,57 долларға төмендеп, 62,44 долларды құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қаңтар айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 3,77 долларға арзандап, барреліне баға 53,43 долларға жетті. Бір ай бұрын қара алтын құнының арзандауына АҚШ энергетика министрлігінің мұнай қорының өскендігі туралы мәлімдемесі әсер етіп отыр деген ақпарат жарияланды. Онда мұнай көлемі 7 миллион баррельге дейін артқандығы айтылған болатын. Осыдан кейін мұнай нарығында бәсі жоғары елдердің мұнай өндіруде көлемді шектеу бойынша келісімдерді аттап, жүгенсіз кеткендігін шетелдік БАҚ жарыса жазды. Тамыз айының басында Иранның мұнай министрі Бижан Намдар Зангане ОПЕК басшыларына және Сауд Арабиясының энергетика министріне хат жолдап, мұнай өндіру көлемін бақылауда ұстап отыруды ұсынған еді. Оның айтуынша, ОПЕК-тің 171-ші конференциясында жасалған келісімде мұнай көлемін 1 млн баррель шамасында өндіру бекітілген. Бұл бәтуаны белден басқан елдер бар көрінеді. Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жәнібек Арыновтың айтуынша, мұнай өндіру көлемін келісіп қадағалап отыру – бірінші кезекте ОПЕК елдеріне қажет. Себебі бұл мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап отыруға мүмкіндік береді. Егер ОПЕК елдері мұнай өндіруді қарқынды түрде жүзгізетін болса, әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай төмендейді. Сол себепті аталған елдер келісімге келуге мәжбүр. Мәміле аясында әр мемлекетте өндіруге рұқсат етілген квота мөлшері белгіленген. Осы ретте кейбір мемлекеттер шектеу бойынша келіспеушіліктерге тап болып отыр. Десе де, ОПЕК елдері аталған келісімнің орындалуына мүдделі.
Мұнай бағасын реттеп отыруда өзіндік қағидалары бар ОПЕК елдері қара алтын өндіруде негізгі өсім көрсетуші мемлекеттердің қатарында Қазақстан, Бразилия, Канада және АҚШ барын хабарлаған болатын. Картелдің ай сайынғы есебіне сәйкес, аталған елдердің мұнай өндірісі әлемдік нарықтағы шикізаттың артуына тікелей әсер етпек. ОПЕК атаған бұл мемлекеттердің мұнай өндірісі биыл тәулігіне 2,22 млн баррельге дейін артпақ.
Ал келесі жылы тағы да 2,12 млн баррельге дейін өседі деген болжам айтылды.
ОПЕК тарапынан айтылған тағы бір маңызды пайым – алдағы уақытта әлемдік деңгейде қара алтынға сұраныс бәсеңдейді. Өткен жылғы мұнай тұтыну көлемі 98,83 млн баррель шамасында деген ұйымның жобалауы өзгеріп, 98,79 млн баррельге жетеғабыл көрсеткіш бекітілді.
Мұнай нарығындағы маңызды ойыншылардың бірі – Венесуэла. Бұл елдің экономикасы қазір қиын кезеңді бастан кешуде. Мұнай құнының арзандауы жығылғанға жұдырық болып, саудада 70 доллардың шамасында сатылуда. Жақында аталған елдің президенті Николас Мадуро қара алтын құны барреліне 90 доллар шамасында болады деп мәлімдеме жасады. Бірақ бағаның күрт жоғарылауына нақты қандай фактордың мұрындық боларын ашып айтпады.
Өз кезегінде инвесторлар мұнай бағасының төңірегіндегі жағымды жаңалықтардан әлі де дәмелі. Олар ОПЕК мұнай өндіру көлеміне шектеу қоярына үмітті. Жақында Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих мұнай қорының нарықта шамадан тыс артық екенін ашық айтып, ОПЕК елдері тұрақты профицит сақталған жағдайда өндіруді қысқартатынын мәлімдеді. Артынша Ресейдің энергетика министрі Александр Новак асығыс шешім қабылдаудың қажетсіз екенін айтып, қыс мезгіліндегі жағдайды толық ескеруге кеңес берді. Schneider Electric шикізат секторының талдаушысы Робби Фрейзердің айтуына қарағанда, ОПЕК мұнай бағасының тоқтаусыз құлдырауын тоқтату мақсатында өндіруді қысқарту бойынша талқылау процесі үстінде. Алайда Ресей Сауд Арабиясының жауапкершілікті арттыруды көздейтін бұл идеясына қолдау білдірген жоқ.
Мұнайды резерв арқылы сатудың тиімділігін дәлелдеді
Әлемдік мұнай нарығын қармап қалатын мүмкіндікке ие бірден-бір мемлекет – АҚШ. Оның бұл бағытта жоспарлы түрде қимылдауға кіріскенін аңғару да қиын емес. Күзде француздық «lemonde.fr» ақпарат агенттігі Кувейт 1990 жылдан бері алғаш рет АҚШ-қа мұнай тасымалын тоқтатты деген хабар таратты. АҚШ энергетика министрлігі басқармасының ақпараттық сайты да қыркүйек айынан бастап кувейттік мұнайдың тоқтатылғанын жариялады. Кувейттік мұнайдың АҚШ-қа тасымалы 2012-2014 жылдары ең үлкен көрсеткішке жетті. 1990 жылы Иракпен арадағы әскери қақтығыс салдарынан мұнай экспортын уақытша тоқтатқанын айтпағанда, 28 жыл бойы қара алтынын АҚШ-қа үздіксіз тасымалдап келген Кувейттің бұл шешімге баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Есесіне АҚШ күзде Венесуэланың мұнайын импорттауды екі есе ұлғайтқандығы анықталды. Яғни, тәулігіне 601 мың баррель мұнай сатып алынған. Жалпы АҚШ-тың мұнай өндірісінен бастап, экспорттаудағы, импорттаудағы саясаты өзгерістерге ұшырауда. Бұл турасында сарапшы Жәнібек Арынов: «АҚШ саясаты тек Вашингтонның мүддесін қорғауға бағытталған. Сол себепті егер Кувейттен мұнай сатып алу АҚШ-тың мүддесінде болса, аталған процесс жалғаса берер еді. Егер Венесуэладан сатып алу тиімдірек болса, АҚШ сөзсіз өз бағытын өзгертеді. Мұндай саясат алдағы уақытта да жалғаса бермек» дейді.
Мұнай бағасын қымбаттатпау үшін АҚШ күзде аукцион өткізді. Ондағы мұнайды жеткізу уақыты қазан-қараша айларында жүзеге асты. Осы уақытта Құрама Штаттар Иранның мұнай экспортына ауқымды санкция салған болатын. Сөйтіп бір оқпен екі қоян атқан АҚШ бағаның құлдырауын қолдан жасады дейді сарапшылар. Бұл жағдайдың саяси астары да сыр бере бастады. Қараша айында Конгресте сайлау өтті. Осы ретте америкалық билік бензин бағасын өсіріп, көпшіліктің көңіл күйін түсіргісі келмеген сыңайлы. Ең маңыздысы, АҚШ құрған мұнайдың стратегиялық резерві әлемдік нарыққа ықпалын үдете түсе ме деген қауіп. Мұнай нарығындағы ойыншыларды алаңдатып отырған сауда алаңында «базар» алдағы уақытта қыза түспек. Оған дәлел, былтыр АҚШ-та екі аукцион ұйымдастырылып, 18 млн баррель мұнай резерв арқылы сатылды. Бұл шараға 20-ға жуық компания қатысқан. Ал жоспар бойынша биыл резерв арқылы саудаға қойылатын мұнайдың көлемін 25 млн баррельге жеткізу көзделген. Сауда-саттықтың шарықтау шегі 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Ол кезде 35 млн баррель резерв арқылы сатылмақ. Сөйтіп 2025 жылға қарай 190 млн баррель немесе стратегиялық отын қорының 28%-ын нарыққа шығару көзделіп отыр. Құрама Штаттардың соңғы өткізген аукционында интервенция көлемі 11 млн баррельді құраған-ды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 30 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл дегеніміз – мұнайдың бағасы аталған нарықта «су тегін» сатылады деген сөз. Айта кетерлігі, АҚШ резерві арқылы мұнайды сату туралы тарихи шешім Барак Обаманың тұсында қабылданған. Мұнайдың стратегиялық резерві АҚШ-қа ОПЕК елдері шикізат жіберуден бас тартқаннан кейін 1973 жылы құрылды. Бұл кезде Израильдің Таяу Шығысқа көрсеткен қысымына Вашингтон қолдау білдірген-ді. Сөйтіп тығырықтан шығар жолды резерв құру арқылы тапқан АҚШ 1991 жылы Кувейт шикізат экспорттауға шамасы келмей қалған тұста оны тиімді пайдаланды. Сол кезде резерв арқылы аса ірі сауда-саттық жүргізіліп, оның көлемі 30 млн баррельді құраған.
АҚШ экспорты артып келеді
«АҚШ мұнай өндіру технологиясы бойынша ең үздік ел. Әлемдік жетекші мұнай компаниялары аталған елге тиесілі. Олардың қолында технология мен қаржы шоғырланған. Міне, осы жайт АҚШ-ты алдыңғы қатарлы мемлекет етеді», деді сарапшы Ж.Арынов. Мұнай нарығы туралы сөз болғанда АҚШ өндіріп отырған тақтатас мұнайына тоқталмай өту мүмкін емес.
− Тақтатас мұнайы мен газын өндіру технологиясы – мұнай өндіру саласындағы революциялық жетістік. Бұл АҚШ-қа айтарлықтай артықшылық береді, себебі оны өзге мұнай өндіруші алпауыттар игеріп үлгерген жоқ. Сол себепті АҚШ-тың мұнай саласындағы рөлі арта түсетіні сөзсіз, – деді Ж.Арынов.
Десек те, жеті қат жердің астынан мұнай өндірудің де қиындықтары бар. Тақтатас мұнайын өндіруге кететін шығынның көлемі айтарлықтай жоғары. Осы саладағы көптеген америкалық компаниялар ұзақ жыл бойы шығынға жұмыс істеп келген. Тақтатас мұнайын өндірудің пайда алып келуі үшін, кейбір сарапшылардың есептеуі бойынша, әлемдік мұнай бағасы барреліне 53 доллардан кем болмауы керек. Алайда технология бір орында тұрмайды, бұл мәселе жайлап шешіліп келеді. Мысалы, мұнай бұрғыларының жұмыс өнімдігі 4 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 300%-ға артқан. Технологиялық жетілдіру алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз.
Әлемдегі қара алтын құны үшін қарбалас алдағы уақытта да жалғаса бермек. Мұнай бағасының шамадан тыс арзандауы әлемдік экономиканы екі өкпеден қысары сөзсіз. Сын сағатта мұнай нарығындағы алпауыт ойыншылар бірлескен ортақ шешім қабылдарына сенімнен гөрі күдік басымырақ.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»