«Қара алтын» құны қалай өзгереді?

0

Соңғы уақытта құлдыраудан көз ашпаған көрсеткіш бірнеше күннің бедерінде барреліне 50 долларды төңіректеп тұр. Қарамай құнының құбылуының Қазақстан экономикасына тигізетін әсері орасан екені әлмисақтан белгілі. Ұлттық қорға түсетін табыс көлемінің ұлғаюы да, қор қоржынының қабысып қалуы да көмірсутегі бағасына тәуелді. Олай болса, 2019 жылы шикізат нарығын не күтіп тұрғанына болжам жасау артықтық етпейтіні түсінікті.

Уолл-Стрит сарапшылары Brent маркалы мұнайдың орташа жылдық көрсеткіші 69 доллар шамасында болады деп болжам жасапты. Көмірсутегі нарығындағы жағдай былтырғыдан күрделі болмаса, оңай болмайын деп тұр деседі олар. Апта сайын, ай сайын нарықтағы ахуалға қарай бұл болжамның да қайта-қайта өзгеріп жатқанын айта кету керек. Отандық сарапшылардың да мұнай бағасына болжамдарына құлақ түріп көрейік.

 

Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты:

Әлемдік экономиканың дамуын­дағы барлық тенденциялар дамушы мемле­кеттердің де экономикасына өз әсерін тигі­зіп жатыр. Оның үстіне біз халықаралық нарықтағы ірі мұнай экспорттаушы елдердің біріміз. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпарат бойынша 1 баррель – 55 АҚШ долларын құрамақ. Ресейдің Экономика даму министрлігі бұл көрсеткіш 63 доллар, Халықаралық валюта қоры – 70 АҚШ доллары, АҚШ Энергетика министрлігі – 72 АҚШ доллары, Goldman Sachs банкі – 70-80 АҚШ доллары аралы­ғында болады деп болжаған болатын. Bloomberg – 63 АҚШ доллары межесін бекіткен. Thomson reuters – 73 доллар болады деп жоспарлауда. Бұл болжамдардың орташа есебі − 67,5 АҚШ долларын құрайды. Егер, осы болжам сақталса, онда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3-4% көлемінде қалады.

Жалпы, еліміз үшін мұнайдың 1 бар­ре­лі 50 доллардан жоғары болса, эконо­мика­мызға қолайлы деуге болады. Егер одан төмендесе, мәселен 40 долларға түссе, одан әрі құлдырап 30 долларға дейін төмендесе, елдегі әлеуметтік жағдайды қалыпты ұстап тұруға арналған бағдарламалар қарас­тырылғанын Үкімет бұған дейін де айтқан болатын.

Қазақстан сияқты дамушы мемлекет үшін ІЖӨ 3-4%-дық өсімі жеткіліксіз болады. Бұл көрсеткіш дамыған АҚШ, Батыс Еуропа елдері үшін жақсы өсім, себебі олардың ІЖӨ көлемі триллиондаған доллар шамасында. Ал біздің ел үшін 2050 жылға дейін 30 бәсекеге қабілетті елдің қатары­на кіреміз десек, кем дегенде 6-7%-дық өсім болуы керек.

АҚШ-тың Иранға салған эмбар­гоның нәтижесінде экспортқа шығатын мұнай көлемі азайып, 1 баррелі 100 дол­ларға дейін өсіп кетуі мүмкін деген де болжам бар. Ондай жағдайда Қазақ­стан эко­номи­касының шикізаттық салаға тәуелділігі қайтадан артып, эко­но­­миканың нақты сек­торындағы бағ­­дар­­ламалар жайына қалуы да мүм­кін. Сон­дықтан экономика­сы әртарап­танған мемлекет құрамыз десек, мұнай баға­сы­ның тым қымбаттауының теріс жағы да болатынын қаперде ұстаған жөн.

Меніңше, алдағы уақытта мұнай бағасы құлдырайды. Сондықтан Қазақ­стан экономикасын шикізаттық бағыт­тан арылту, барынша әртарап­тандыру, индустрияландыру жолына түсу – заман талабы.

 

Айдархан ҚҰСАЙЫНОВ, сарапшы:

Соңғы кезде мұнай бағасының көтері­­луі­не де, құлдырауына да әсер ете­тін қай­­шы­лықты факторлар кө­бейіп кетті. Халық­­­ара­лық қор нарық­тарынд­ағы өзге­ріс­тер, Қытай мен АҚШ арасындағы «сауда соғы­сы», АҚШ пен Еуроодақ ара­сын­дағы қа­рама-қайшылықтар көмірсутегі нарығына ықпал етіп жатқаны сөзсіз. Ол осы жылы да жалғасын табады.

Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуы да шикізат баға­сының күрт өзгеруіне ықпал етпейді деуге болмайды. Біз үшін Брекзиттің барынша тыныш өткені, экономикалық, қаржылық әсерінің неғұрлым әлсіз болғаны тиімдірек, әрине. Ірі халықаралық банктердің монетарлық саясатындағы өзгерістерді де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Дегенмен, мұнай бағасын тұрақтан­дыру үшін жасалып жатқан жұмыстар да бар. Мәселен, ОПЕК-ке мүше мем­ле­кетт­ер бір келі­сімге келуге тырысып жатыр. Соңғы бір­неше айда шикі­зат бағасы түсіп кеткені оларды да алаңдатып отыр.

Менің пайымдауымша, 2019 жылы мұнайдың 1 баррелінің бағасы – 50-60 доллар аралығында болады. Саяси, қаржылық факторлардың қалай әсер ететінін тап басып айту қиын, әрине. Дегенмен, баға осы көрсеткіштен алыс кетпеуге тиіс. Баррельдің бағасы бұдан да төмендеп кеткен жағдайда біздің экономикамызға оңайға соқпайды.

Дайындаған Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/