Қапшағайда су полициясы жұмысын бастайды — Ел жаңалықтары
Қапшағай суқоймасының жағалауында су полициясы жасағы пайда болады, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Қапшағай қалалық полиция бөлімшесінің басшысы полиция подполковнигі Эльдар Әбдікенов өткен жылды қорытындылау жиналысы барысында айтты.
«Бәріміз білетіндей Қапшағай Алматы облысындағы курортты аймаққа кіреді. Шомылу маусымы басталған уақытта Алматы қаласы, Алматы облысы және басқа да облыстардан, сондай-ақ көрші елдерден туристер ағылады, — деді Әбдікенов. — Соның нәтижесінде кешенді полиция күшіне көп күш түседі. Мұндай құбылыс қалалық жағажайдың ашылуы және Қапшағай аумағында демалыс орындарының күніне шамамен 7 мыңнан аса келушілерді қабылауына байланысты. Әсіресе демалыс күндері келушілер саны бірнеше есе асады. Осыған орай қала әкіміне ішкі резервтен су полиция жасағын құру өтініші берілді».
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаманы қолдады. «Шынымен де, бұл қажетті жұмыс. Бірақ оған су-құтқару қызметі мен полицияның ара-жігін анықтап алып барып, жауапкершілікті бөлу қажет», — деді облыс әкімі.
Жиналыс барысында қазіргі уақытта Орталық жедел басқармасы үшін арнайы құрылғылар орнатылып жатқаны және Қапшағайда 300 бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын жүргізу жоспарлары бары айтылды.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz