Қапшағайда күн электр стансасы салынып жатыр
2018 жылғы 12 желтоқсан 17:44 46
АСТАНА. ҚазАқпарат — Келесі жылы Қапшағайда 400 гектар жерге күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін стансасы іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қапшағай маңында 400 гектар жерге отандық кәсіпкерлер 150 мегаватт батареялы ең ірі күн электр стансасын салып жатыр. Оны 2019 жылдың алғашқы тоқсанында іске қосу жоспарлануда және алғашқы уақытта 100 мегаваттық батареядан күн электр қуатын алынатын болады», — деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, өңір басшысы Алматы облысындағы «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА-да жалпы сомасы 470 млрд теңгені құрайтын 12 жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Қорғас -Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қазақстандық тауарларға, оның ішінде Алматы облысы аумағында өндірілген өнімдерге қытайлықтар тарапынан сұраныс жоғары. Балмұздақ пен кондитер өнімдері көп саудаланады», — деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін облыс әкімі өңірде 32 мыңнан астам жұмыс орнының ашылғанын айтқан болатын.
Сонымен қатар, А.Баталов «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы бойынша облыста 100 мыңнан астам пәтер берілетінін мәлім еткен болатын. Одан бөлек, Алматы облысында биыл жүгері өндіруден рекордтық өнім алынғанын хабарлаған болатынбыз.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz