Қаңыраған қала, қираған ғимараттар һәм күшейген күзет

0

«ЖАРЫЛЫС БОЛҒАНДА БӘРІН ТАСТАЙ ҚАШТЫҚ»

Арыстың кіреберісінде күзет күшейген. Полицейлер мен қару ұстаған әскерилер қалаға тұрғындарды кіргізбей тұр. Сол маңда «үйіме барсам» деген екі жүзге жуық адам келген. Солардың бірі Садық Оразгелді жарылыс болғанда «алды-артына қарамай қашқандарын» айтады.

— Құжатымды алуым керек. Қорада малдар қалған, соларды суару керек. Жаяу болса да, кіріп шығуым керек. Кеше жарылыс болғанда құжаттарымды, бәрін тастай қаштық ғой, — деді Арыс тұрғыны.

Ауылға кіреберісте тұрған тағы бір тұрғын «жолға шығуым керек, үйде құжатым мен пойыз билеті қалып қойды, соны алу үшін үйіме кіруім керек» дейді.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Жиналған жұрттың сөзінше, бұл жолғы жарылысты бұрынғы жарылыспен салыстыруға келмейді. Арыстықтар «маусымның 24-і күні сойқан жарылыс» болды дейді.

Кейбір тұрғын «билік осыған дейін болған үш жарылыстан сабақ алмады» деп налиды.

— [Жарылыстар] қашанғы қайталана береді? Халық қашанғы сабылып, қашып жүреді? Бұрын жарылыс болғанда «енді қайталанбайды» деген еді. Дүкенім бар еді, сол тоналды деп естідім. Кіре алсақ, [дүкенімді] барып көрсем деймін, — дейді Сәбит есімді Арыс тұрғыны.

Сол маңда тұрған полицейдің бірі «Бізге «кіргізбе» деді, кіргізе алмаймыз. Қашан кіргізетінін білмейміз» деп қысқа қайырды.

Ал Арыс қаласында өлі тыныштық. Әрбір жерден әскери машиналар мен полиция көліктерінің дауысы естіледі. Солдаттар мен полицейлер қаланы күзетіп жүр. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұрғындардың үйіне ұрлыққа түскен үш адамның ұсталғанын айтқан.

ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЛА

Қаладағы жолдарға снаряд түсіп, ойылып қалған. Арыстағы базардың кейбір жерінде жеміс-жидектер мен көкөністер жиналмаған күйі тұр. Сатушылар жемістерді жинап үлгермегенге ұқсайды. Базарда қалған тауарларын күзеткен бір-екі адам жүрді.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың орталығындағы ғимараттың бірі әлі өртеніп жатыр. Бұл үйге снаряд құлағанға ұқсайды. Жарылыстың екпінінен қарама-қарсы тұрған Халыққа қызмет көрсету орталығының терезелері қираған. Орталықтың іші қаңырап қалған. Компьютерлер мен принтерлер тұр, жерде қағаздар шашылып жатыр. Орталықта жүрген бір-екі қызметкер «Арысқа жұрт оралғанша ғимаратты қалпына келтіруіміз керек» дейді.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Күніне ондаған пойыз келіп, жүздеген жолаушы ағылып жүретін Арыстағы вокзалда да тіршілік байқалмайды. Вокзал жанындағы тойханаға снаряд түсіп, толығымен қирап қалған. Тойханаға түскен снарядтың күші вокзалдың терезелерін де сындырған. Аты-жөнін айтқысы келмеген полицей вокзалдағы қозғалыс жарылыс басталған бірер сағаттан соң тоқтағанын айтады.

Арыста қазір жарық жоқ. Электр сымдары қираған. Интернет пен байланыс та нашар. Қалаға тіршілік қашан оралатыны белгісіз. 25 маусымда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қалада жарылыс қаупі әлі сейілмегенін мәлімдеді.

«[Өрт сөнбегендіктен] қару-жарақ әлі де жарылуы мүмкін. Отты қорғаныс министрлігінің қоймаларындағы брондалған арнаулы техника көмегімен сөндіреміз» деді министр орынбасары.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде, ресми дерек бойынша, өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі — Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам — әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Жарылыстан кейін шамамен 39 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, қаланы тастап шыққан. Үш жарым мыңнан астам тұрғын Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Azattyq