Қаңтарда ту ұстап шыққан: Берік Әбішевтің екінші отадан кейінгі жағдайы белгілі болды
“Қаңтар” оқиғалары кезінде басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған Берік Әбішевтің екінші отадан кейінгі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Болат Әбілов желідегі парақшасында жазды.
“Достар, жақсы жаңалықпен бөліскім келіп тұр. Бүгін “Қаңтар-2022” оқиғасында ту ұстап, оқиғаның символына айналған Берік Әбішевке қонаққа бардық. Осыған дейін Әбішевке қосымша ота қажет екенін айтқан болатынмын. 19 шілдеде күні түрік нейрохирургы қосымша операция жасады. Операция жақсы өтті. Берік пен жанұясының жағдайы жақсы. Біз оның сауығып кетуі үшін дұға етеміз”, – дейді Болат Әбілов.
Берік Әбішев 2022 жылы 6 қаңтарда Алматыда бейбіт шеруге шығып, басынан оқ жарақатын алған. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін оған бір рет ота жасалып, ұзақ уақыт бойы комада жатқан, миының бір бөлігі зақымданған.
Беріктің Қазақстан туымен оқ астында жүрген суреті ғаламторға тарап, көзге түсті. Берік Әбішев қаңтар трагедиясының символына айналды.