Қаңтарда соғыс басталады: әскер шабуылдың бетін қайтаруға дайын ба?

0
8567

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс ушығып, толыққанды соғысқа ұласуға жақын. Батыс Мәскеу әне-міне басып кіреді деп болжам жасауда. Болжам жасауға да негіз жоқ емес. Ресей Украинамен шекаралас аймаққа 100 мың әскерін топтастырды. Шабуылға әскер санын 175 мыңға жеткізген сәтте шығады дейді НАТО-ның сыртқы барлау күштері.

Ресей НАТО-ға және АҚШ-қа арнайы ұсыныс жасады. Ұсыныс бойынша Ресей мен Батыс келісуі тиіс және НАТО-ға Украина мен Грузия қабылданбауы қажет. Егер бұл ұсыныс орындалмаса Ресей қарсы әрекеттерге көшеміз деп отыр. «Қарсы әрекет» сөзін Украинаға соғыс ашамыз деп түсіну керек сыңайлы.

Украин арнайы күштері Ресей қалай шабуылға шығуы мүмкін деген сценарийлерді зерттеу үстінде. Сыртқы барлау күштері де түрлі ақпараттарға қол жеткізуде. Қараша айында украин арнайы күштері Ресей Украинаның шығысынан және отарланған Қырым аймағынан шабуыл жасауы мүмкін екенін және екі жақты шабуылды тойтару қиынға соғатынын айтқан еді. Сонымен қатар Мәскеу Беларусь және сепаратистер қолындағы Приднестровье арқылы да шабуылға шығу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды дейді.

Украин қолбасшылары Ресей шабуылға зымыран соққыларын жасап, артынша әуе күштері арқылы қару-жарақ қоймаларын, окоптарды атқыласа жағдай қиын болатынын да ескеру керектігін айтты. Ондай жағдайда әскери байланыс қиындап, Ресей Киевке тиімсіз шарттар бойынша келісім ұсынуы мүмкін.

Тағы бір сценарий ретінде Ресей өз әскерін қолданбай, оларды Украина шығысындағы сепаратистер ретінде көрсетіп, жаңа аймақтарды басып алуға талпынуы мүмкін. Атап айтқанда Қырым мен Ростов облысын жалғайтын арнайы дәліз ашу үшін барын салуы ғажап емес, дегенмен ол үшін алдымен Мариуполь қаласын басып алулары қажет, ал қала өте жақсы қорғалған және қарсы шабуылға әлеуеті жетерлік. Дегенмен Ресей өзінің тұрақты әскерін қолданбаса, онда Украинаны сепаратистер шабуылы үрейлендірмейді. Себебі Киев тек қана Ресейдің зымырандары мен әуе күштерінен қауіптенеді, ал ұрыс даласындағы әскери техниканы жоятын жаңа қару түрлерін Батыстан алып үлгерді.

Сарапшылар қаңтарда соғыс басталатынына сенімді, себебі Батыс Мәскеудің ұсынысын кері қайтармақ.