Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қалайтындар бар – Тоқаев

0
422

Бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының халқымен кездесу барысында заң мен тәртіп мемлекетіміздің беделіне шын мәнінде нұқсан келтірген қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлады kznews.kz сайты.
Президенттің айтуынша, қаңтардағы қайғылы жағдайдан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ.
Мұндай жағдай, өкінішке қарай, болып отыр. Бұл осындай оқиғаның қайталануына әкеп соқуы мүмкін. Біреулер мұны шынымен қалайды. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге ол жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап беретінін атап өтті. Оның сөзінше, қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасатын болады.
Елдің Президенті ретінде, мен үшін әділдік – ең жоғары құндылық. Сондықтан менің Әкімшілігімде азаматтардың өтініштерін қабылдаумен және олардың талап-тілектерін қарастыруымен айналысатын арнайы бөлім бар. Бұл жұмысты өз бақылауымда ұстаймын, – деді мемлекет басшысы.
Бұған қоса президент биылғы 9 айда оның атына 41 мың өтініш келіп түскенін, олардың әрбір төртіншісі құқық қорғау органдарының қызметіне және сот шешімдеріне қатысты екенін айтты.
Бұл құқықтық реформаны жалғастырудың маңыздылығын көрсетеді.Сондықтан елімізде заң үстемдігі болуға тиіс. Онсыз қоғамдық тәртіп орнату мүмкін емес. Басқаша айтқанда, ішкі саясатымызда заң мен тәртіпті басшылыққа аламыз. Тек сонда ғана біз азаматтарымыздың игілігіне бағытталған экономикалық реформаларды тиімді жүргізу үшін қолайлы жағдай жасай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.