Қаңтар оқиғасына Құлыбаев пен Мәсімов кінәлі – Ауыт Мұқибек
«Құрмет» орденінің иегері, ақын, қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп қандастардың елге оралуы, балдызына қатысты дау, қаңтар оқиғасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz сайты exclusive.kz порталына сілтеме жасап.
Өзін Нұрсұлтан Назарбаевтың нағашысымын деген ақын қаңтар оқиғасына Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов кнәлі деп санайтынын жеткізді.
— Қаңтардағы оқиғаға Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев кінәлі. Оның артында Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Президенттің өзі айтқандай Елбасының кемшілігі болды ғой. Мен былтыр заңның бәрін өзіне ыңғайлы етіп жасап алған «Құлыбаев құдай емес» деп жаздым. Атақты Амангелді Айталы, Мұхтар Шахановтардан бастап отырып Қазыбек Иса мен Нұртөре Жүсіп заңдарды қабылдап беріп отырды. Кім кінәлі? Билік кінәлі. Енді зиялы қауым өкілдері «Боранбаевты босат» деп жүгіріп жүр дейді. Қазақстанда 22 мың қоғамдық ұйым бар. Соған арнайы заң жасатып алды. Бұған бір-ақ адам қарсы шықты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев болды, — деді қоғам белсендісі.
Ауыт Мұқибек қандастардың елге оралуына кімдер қарсы болғанын айтып, көші-қонның тоқтауы мүмкін екенін жеткізді.
— Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде көш 2007 жылға дейін алтын дәуір болды. Қандастардың көп бөлігі келді. Кәрім Мәсімов келгеннен бастап Құлыбаев екеуі көшті ресми тоқтатуға кірісті. 2013 жылы көшті ресми тоқтату үшін Елбасыға басқаша ақпарат беріп, 4 жылға азаматтық бермеу туралы заң қабылдатты. Содан кейін көш ерге қисық отырды, сол салқын әлі келе жатыр. 2019 жылы жаңа президент келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші сұхбатында дүниежүзіндегі қазақтардың атажұртта басын қосу – біздің қасиетті парызымыз деді. Бұл жай сөз емес. Бірақ мен қайта алтын дәуір туады деген ойымнан айныдым. Сырттан 47 мыңдай ғана қазақ келді. Мен бұл үшін президентті сөкпеймін, жағдай солай болды, — деді ол.