«Қанша үй салсақ та, жетіспейді» — Назарбаев баспана жайлы — Ел жаңалықтары
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс істейтін жастардың өз баспанасы болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы ол EXPO 2017 көрме орталығының «Нұр Әлем» павильонында өтіп жатқан Жастар жылының ашылу салтанатында айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Біз жайдан-жай Жастар жылын жариялағанымыз жоқ. Біз жас қазақстандықтарды маңызды қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге арналған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлегіміз келеді және әзірлеуіміз керек. Бұл қолжетімді, сапалы білім, мүмкіндігінше көп жастар саны, жұмыстың болуы, тұрғын үйдің болуы, өмір сүруге және отбасын құруға мүмкіндік беруіміз керек. Менің ойымша, бұл нәрселер өте маңызды, оларға жастар да, мемлекет те назар аударуы тиіс. Сондықтан Үкіметке, Президент әкімшілігіне келесі шараларды пысықтауды тапсырамын», — деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін атап өтті.
«Тұрғын үй мәселесінің өзектілігін ескере отырып, біз қанша құрылыс салсақ та жеткіліксіз. Жас отбасылар үшін ірі қалалардағы, үш миллион тұрғыны бар қалалар үшін… Ал мен халық саны миллионнан асатын қалалардың көп болғанын қалаймын, себебі онда білім, ғылым, мәдениет және сол сияқты дүниелер дамиды — бүкіл әлемде осылай. Сарапшылар әлемнің 600 ірі қаласында әлемдік өнімнің 60 пайызын өндіретін болатынын айтады. Бізде тек Алматы бар еді, енді Астана мен Шымкент қалаларында миллионан аса тұрғын бар. Тағы екі қала кезекте тұр, біз мұны іске асыратын боламыз. Осы үш ірі қалада жұмыс істейтін жастар үшін жылына кемінде мың пәтер саламыз. Бұл пәтерлер жалға берілетін тұрғын үй санатына жатқызылуы тиіс еді, бұл мәселені шешуге «7-20-25″ бастамасы бағытталды, сіздер оны білесіздер деген үміттемін», — деді Назарбаев.
«Бірақ мұндай тұрғын үйге жұмыс істейтіндер ғана үміткер болатынын есте сақтау керек», — деп атап өтті Президент.
«Жұмыс — игіліктің негізгі көзі. Біз сіздердің алақан жайып мемлекетке бармас үшін механизмді дамытқымыз келеді. Сіздер де мемлекетке өз істеріңізбен, жұмыстарыңызбен көмектесетін кез келді. Жастар үшін тұрғын үй жағдайын жасауға меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар белсенді қатысуы тиіс. Мен барлық ірі компанияға үндеу жариялаймын және менің өтінішім қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалаймыз. Олар бізді қолдайды деп ойлаймын», — деді ол.
«Жалға берілетін тұрғын үй — бүкіл әлемдегі ең тиімді шара. Сен қазір жұмыс істеп жатқан қалада пәтерді жалға аласың. Сен тұрғын үйге бекітілесің. КСРО-да мойынға шынжыр байланғандай тіркелетін еді. Бұл пәтер — сенікі емес, мемлекеттікі, басқа жерде ешкім саған бермейді. Ал жалға берілетін тұрғын үй мобильді болуға мүмкіндік береді. Жұмыс бар жерге бару үшін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске салайық, 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды. Осы шара елімізде мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдау мен жүзеге асыруға бағытталған ауқымды іс-қимыл жоспарын іске асыруға бастау болмақ.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz