Қанша мемлекеттік қызметші сыйлықтарын мемлекеттiк қорға өткізді
2018 жылғы 19 қараша 11:15 78
АСТАНА. ҚазАқапарт — Биыл 1 мыңнан астам мемлекеттік қызметші өздеріне берген сыйлықты мемлекеттiк қорға өткізді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен хабарлады.
«Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы үшін сыйлықтарды алу — мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады. Мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын заңнама талаптарын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады. Өзiне сыйлықтар келiп түскен мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақшаны арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады», — делінген агенттік мәліметінде.
Жалпы, 2018 жылдың басынан бастап мемлекеттiк қорға 1318 (2017 жылы — 361) мемлекеттік қызметші сыйлықты тапсырды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңның талабын бұзғаны үшін 2 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мемқызметшінің телефонына бірлік салған тұрғынға 330 мың теңге айыппұл салынды.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлерге орынсыз «сыйлықтар жасаудың» қайда апарып соғатындығын ескерткен болатын.