«Қаңғыбастар, қиялилар мен сығандар». Билікшіл БАҚ наразылықты қалай көрсетті?

0

«СОРЛЫЛАР ТОБЫРЫ»

Тамыздың 10-ы күні Мәскеуде өткен «Әділ сайлау үшін» шеруіне «полиция ұстайды немесе соққыға жығады» деген қауіпке қарамастан, 50 мың адам қатысты. Бұл — Ресейде 2011 жылдан бергі уақытта үкіметке қарсы өткен ең ірі наразылық шеруі.

Бұл шеруге кімдер шықты? Оны білу осы сұраққа кімнің жауап бергеніне байланысты.

Тамыздың 10-ы күні және оған дейінгі сенбіде өткен митингіге қатысушыларды қолдайтындар наразыларды қыркүйектің 8-і өтетін Мәскеу қалалық думасы сайлауына тәуелсіз және оппозициялық кандидаттарды қатыстырмау туралы шешімге, Ресейде демократиялық принциптердің бұзылуына қарсы бейбіт күресушілер көреді.

Мемлекеттік арналар мен билікшіл БАҚ – ең ірі басылымдардан бастап, көпшілік біле бермейтін шағын ақпарат құралдарына дейін – шеруге қатысушыларды Ресейде бүлік жасағысы келетін, денесіне тату жасатқан жастар, ақылы кем зейнеткерлер, ЛГБТ белсенділері, коммунистер, түрлі топ өкілдері мен шетелдіктер деп сипаттайды.

«Қаңғыбастар, қиялилар мен сығандар». Өзін ақпараттық агенттік деп таныстыратын ресейлік сайттардың бірі тамыздың 10-ы күні Мәскеудің Сахаров даңғылына шеруге жиналғандарды осылай атады. Келесі бір сайтта шеруге қатысқандар туралы мақала «Сығандар, трансвеститтер мен қаңғыбастар Сахаров даңғылындағы оппозициялық митингіні қиялилар шоуына айналдырды» деген тақырыппен шықты.

Көпшілікке танымал БАҚ термин таңдауда барынша сақ болуға тырысқанымен, митинг туралы ақпараттарынан негативті сипат анық байқалады. Билікшіл ақпарат құралдары наразыларды Ресей президенті Владимир Путин «дәстүрлі» деп таныған ресей құндылықтарын жойып, елдің шырқын бұзып, Ресей аннексиялаған Қырымды Украинаға қайтаруды қолдайтын «жолы болмағандар тобыры» деп атады.

Ресми «Российская газета» басылымы революцияға шақырған, шетелде тұратын Путиннің белсенді қарсыласы, бұрынғы мұнай олигархы Михаил Ходорковскийді елге қайтаруды, Қырымда Украина билігін қайта орнатуды талап еткен жазуы бар плакаттар ұстаған наразылар суреттерін жариялады. Қолына ЛГБТ өкілдерінің құқығы үшін күресуді білдіретін түрлі-түсті жалаушалар ұстаған демонстранттар да мемлекеттік БАҚ назарынан тыс қалмаған.

Наразылар талапына Ресей президенті Владимир Путиннің немесе Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің жауабы қалай болары әзірге белгісіз. Либералдық «Яблоко» партиясының бірнеше өкілі қалалық дума сайлауына қатысуға рұқсат алды. Көбі бұл шешімді оппозицияның арасына іріткі салуға жасалған талпыныс деп бағалады.

Еуропалық саяси талдау орталығының қазір Мәскеуде жүрген сарапшысы Мария Снеговаяның пікірінше, үкіметке қарсы наразылықтың қалай аяқталары митинг көшбасшыларының акция қатарына жаңа азаматтарды тартудағы белсенділігіне тікелей байланысты. Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары өмір сапасының төмендеуі қоғамдағы наразы көңіл-күйдің өсуіне әсер еткен.

— Наразылар саны билік күткеннен көп болғанға ұқсайды. Олар наразылық күшейеді деп қауіптеніп отыр. Бәрі шарасыз күйде тұр, — дейді Ресейдің ішкі саясатын зерттеуші Снеговая.

СЕНІМГЕ ӘСЕР ЕТУ АМАЛЫ

Осындай қауіптен наразыларды бөліп-жарып, олардың бір-біріне деген сенімін жоюға бағытталған әрекеттер күшейді. Мұндай науқанның басында Кремль саясатын қолдайтын БАҚ тұр. Мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметіне сәйкес, шеруге қатысқан жастар наразылық білдіруге емес, екі сағаттық шарада өнер көрсеткен сүйікті музыканттарын тыңдауға келген. Үкіметтік ақпараттық ресурстар шашын әртүрлі түске бояп, өрген, денесіне тату салған жастар мен жасөспірімдердің суретін жариялады.

Биліктің рұқсатымен Сахаров даңғылында өткен шеруде Face, Oxxxymiron, «Кросвосток» сияқты рэперлер мен IC3Peak дуэті болған. Кремль қолдайтын ірі «Известия» басылымы «наразылық акциясы кезінде негізінен саясаткерлер емес, музыканттар сөйледі» деп жазған. Мақала авторы көп саяси қайраткердің ол кезде қамауда отырғанын айтпаған.

Ресейлік рэпер Oxxxymiron.

Ресейлік рэпер Oxxxymiron.

Мәскеу қалалық думасының сайлауына үміткер ретінде тіркеуден өтпей қалған оппозицияның кей өкілдері наразылықтан бұрын тұтқынға алынған. Наразылықтың белсенді көшбасшыларының бірі Любовь Соболь шеруге бірнеше сағат қалғанда ұсталған.

Басылым «Академик Сахаров атындағы даңғылда өткен наразылық акциясына қатысушылардың көбі «Известия» тілшісіне сүйікті музыканттарын тыңдауға келгенін айтқан» деп жазды. Мемлекеттік арналардағы кешкі жаңалықтар мен «Российская газета» басылымының да митинг туралы ақпарат беруі осыған ұқсайды. «Российская газета» басылымы «Наразылыққа келгендердің көбі акцияны Мәскеу қалалық думасына тіркелмеген кандидаттар «Мәскеудегі әділ сайлау үшін» ұранымен ұйымдастырғанын білмейді» деп жазды.

«Бұл наразылық кезінде талай рет қолданылған классикалық әдіс. Мемлекет азаматтарын «шынайы наразылық жоқ, бұл қолдан жасалған дағдарыс және оның қарапайым адамдарға қатысы жоқ» дегенге сендіргісі келеді» дейді R.Politik консалтингтік тобының сарапшысы Татьяна Становая.

Мемлекеттік «Россия-1» телеарнасының кешкі шығарылымында митинг туралы репортаж беріліп, онда рэперлер, сығандар мен ЛГБТ белсенділерінің суреттері көрсетілген. Репортажда демонстранттардың «өздерімен бірге қарт ата-аналары мен балаларын алып келгені», «акция қатысушыларының көбі мәскеулік емес, сырттан келген азаматтар» екені айтылған. Бірақ берілген ақпараттың көбі жалған боп шыққан.

Кремль саясатын қолдайтын «Комсомольская правда» басылымында Украина туын ұстаған наразылар, коммунистер мен ЛГБТ белсенділерінің суреті жарияланды. Видеоматериалдарда көбіне этникалық азшылық өкілдері, қарт адамдар мен бетіне ақ бояу жаққан жастар көрсетілген.

«Комсомольская правда» газетінің тілшісі митинг кезінде көргендерін «Өздерінің қайда тап болғанын түсінбеген кейіпте жүрген оңтүстіктен келген қонақтарды көріп таңғалдым. Халық арасында бір жерде сығандар ән айтып жатты» деп баяндайды. Журналист мәтініне сарказм қосып: «Бір адам «Ходорковский келіп, тәртіп орнатады» деген туды ары-бері желбіретіп тұрды. Бізге жетпей тұрғаны сол еді» деп жазған.

Мәскеуде полиция ЛГБТ белсендісін әкетіп барады.

Мәскеуде полиция ЛГБТ белсендісін әкетіп барады.

Сарапшылардың пікірінше, шеруге қатысушыларды осылай көрсету, полицияның адамдарға күш қолданып, жаппай ұстауы наразылар қатарына жаңа азаматтар қосылмауы үшін жасалып отыр.

Сауалнамаға сәйкес, ресейліктердің көбі революцияны да, Қырымның Украинаға қайтарылғанын да қаламайды. Сәуір айында тәуелсіз «Левада» орталығы жүргізген сауалнама қорытындысы азаматтардың 59 пайызы гейлерге қырын қарайтынын көрсеткен.

«Басты назарды ЛГБТ белсенділерге аудару арқылы мемлекеттік БАҚ наразыларды Ресейдің дәстүрлі құндылықтарына қарсы адамдар ретінде көрсеткісі келеді» дейді Снеговая.

«ШЕТЕЛДІҢ АСТЫРТЫН ӘРЕКЕТІ»

Наразылық акциясын шетелдіңастыртын әрекеті ретінде көрсетуге талпыныс та жалғасып жатыр. Қорғаныс министрлігінің «Звезда» арнасы және басқа да көпшілік біле бермейтін ресейлік билікшіл ресурстар полиция ұстаған ресейлік адвокаттың америкалық төлқұжаты болғанына ерекше назар аударған.

Әлеуметтік желіде тараған видеороликтерде заңгер Татьяна Бренник басқа тұтқындарға полиция толтырған хаттамаға қол қоймас бұрын, қағазда ұстау кезінде тәркіленген заттардың толық тізімі жазылғанын тексеру керегін ескертеді. Ол азаматтар өз үстінен қозғалған іске 10 күн ішінде шағым түсіре алатынын айтады.

Бренникпен бір автозакта болғанын айтып, VKontakte парақшасында видео жариялаған Антон Цаплин заңгердің сөзін «полицияны ақымақ ету» және «жауапкершіліктен жалтару» бойынша нұсқаулық деп атады.

Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, Цаплин — Нижний Новгород қаласындағы «Волонтерская рота» «патриоттар қозғалысының» көшбасшысы.

Ол Мәскеуге «Кривосток» концертіне келгенін мәлімдеген. Оның сөзі мемлекеттік БАҚ-тың «наразылар негізінен Мәскеу қаласының тұрғындары болмаған және олар музыка тыңдауға келген» деген мәлімдемесімен үндеседі.

Цаплин одан пікір алуға тырысқан Азаттық тілшісін әлеуметтік желіде бұғаттап тастады. Станованың пікірінше, Ресей билігі осындай суреттер мен видеоларға сұраныс барын білдірген соң, мемлекеттік органдарда жұмыс істегісі келетіндер мен лауазымы өскенін қалағандардың бірқатары осындай қызмет көрсетуге ниет білдірген.

«Үкіметке қазіргідағдарыс кезінде көмектесіп, орнына жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізгісі келетіндер бар» дейді сарапшы.

Әкесі тартып алған балаларды аналарына қайтаруға көмектесетін заңгер Бренниктің Ресейдегі клиенттері оны атқарған жұмысы үшін «батыр» деп бағалайды.

Заңгер клиенттерінің бірі Facebook парақшасында «Ол – 20 жылдық еңбек өтілі бар, халықаралық құқықты білетін адвокат. Ол АҚШ азаматы болғандықтан, сарыжағал басылым оны «Мәскеу қалалық думасының сайлауына араласу үшін әдейі жіберген» деп жазып жүр. Бірақ мұның бәрі жалған және БАҚ пен полицияның ойдан шығарғаны!» деп жазған.

(Азаттық тілшісі Тодд Принстің мақаласынан аударылды.)

Azattyq