Домой Жаңалықтар Қандасымыз қазақ тілі үшін соттасып жүр

Қандасымыз қазақ тілі үшін соттасып жүр

0
2592

КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ӨЗГЕ ЗАҢДАРДАН ЖОҒАРЫ ЗАҢДЫҚ КҮШІ ҚАЙДА?!.

Өзбекстаннан атамекенге оралған қандасымыз Талғат Ахметовтың жағдайына оқырман назарын аударамыз. Мемлекеттік тіл үшін табандылық танытып жүрген қандастың мәселесіне көңіл аударған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса “Талғат Ахметовтың талабы дұрыс! Конституция бойынша Мемлекеттік тіл — қазақ тілі болғандықтан, Мемлекеттік тілде жазылған Жарғыны тіркеу керек әділет органдары! Екінші тіл — Ресей тілінде де жазуды талап ету заңсыздық!

Конституцияның өзге заңдардан жоғары заңдық күші қайда?”- деп жазды әлеуметтік желіде.

***

Өзбекстаннан атамекенге оралған қандасымыз Талғат Ахметовтың Мемлекеттік тілдің мүддесі үшін күресіп жүргені туралы баспасөзде талайдан бері жазылып келеді. Бұл туралы бүгін журналист Нәзира Жарымбетова фейсбук парақшасында жариялады.

Ол қолданыстағы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының № 142 заңы талаптарына сәйкес, шет елден көшіп келген қандастар мен еліміздің оңтүстігінен қоныс аударған ағайындарға, ақпараттық-құқықтық қызмет көрсету мақсатында Рудный қаласында «Құтты мекен» коммерциялық емес жеке меншік мекемесін құруды мақсат еткен. Сол үшін осы мекеменің жарғысының тек мемлекеттік тілдегі екі түпнұсқасын және де басқа да тиісті құжаттарын Қостанай облысының Әділет департаментіне мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін тапсырады.

Бірақ құзырлы орган-Қостанай облысының Әділет департаменті «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» ҚР-ның 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңының 6-бабына сәйкес, «Құтты мекен» мекемесі жарғысының орыс тіліндегі нұсқасы ұсынылмағандықтан, мемлекеттік тіркеуден бас тартты.

Әділеттік пен заңдылық іздеген кейіпкеріміз, Қостанай облысының Әділет департаментін Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жауапкер етіп, арызданған еді. Өкінішке қарай, осы соттың судьясы Н.К.Сванбеков талап коюшы Т.Ахметовтың талабын қанағаттандырусыз қалдырып, «таразы басын» әріптестеріне қарай бұрды.

Бірақ, Т.Ахметов бірінші сатыдағы соттың бұл шешімін заңсыз деп санап, оған апелляциялық шағым берді, онда төмендегі уәждерін келтіреді:

«Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1-бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Мұнан басқа «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151 Заңының 4- бабына сәйкес: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп белгіленген.

Сонымен бірге, «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңы 10-бабының 1 бөлігіндегі Нормативті құқықтық актілер сатысы (иерархия) бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар екендігі белгіленген.

Осы заңның 12-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әртүрлі деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылатыны белгіленген». Міне, осы заң актілерін өз ұстанымына негіз еткен Т.Ахметов апелляциялық сот алқасына үміт артып отыр.

ҚР-ның «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңы 1995 жылы 17 сәуірде қабылданған болатын. Әрине, бұл заңның тиісті баптары өзгерістер және қосымшалармен жетілдіріліп отырды, бірақ уақыт талабы болса да осы заңның 6-бабына неге өзгеріс енгізілмеген?! Олай дейтінім, интернет көздері деректеріне үңілсек, осы даулы заң қабылданған 1995 жылы Қазақстан халқының саны 16 679 мың болған екен. Соның ішінде қазақтың саны 7 636 200, яғни 45 пайыз шамасында еді. Ал бүгінгі күннің статистикасы бойынша, қазақтың саны барлық қазақстандықтардың 70 пайызына жақын екен. Уақыт талабы ескеріліп, заңдар өзгерістер мен қосымшалар енгізілу арқылы жетілдіріліп отырмаса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тұсалған аттай кібіртіктей беретіні аян.

Болашақ «Құтты мекен» ұйымы тек қазақ ұлтты қандастарға қызмет көрсететін болады. Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы қандай қаулы қабылдаған жағдайда да, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік белгісі, алдымен, оның қазақ тілділігінде деп білеміз.

Нәзира Жарымбетова,

Фейсбук парақшасынан