Қанат Бозымбаев саясат сахнасындағы салмағына қатысты сұраққа әзілмен жауап берді
2018 жылғы 26 желтоқсан 14:44 258
АСТАНА. ҚазАқпарат — Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «саясат сахнасындағы салмағыңызды сақтап қалуыңыздың сыры неде?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күшің неде деп сұрасаңыз, 100 келіден астам салмағым бар екенін айтқым келеді. Бәлкім, саяси салмағымның себебі осы шығар (күлді). Қалжыңдаймын. Жалпы айтарым, ең бастысы ешқандай қиындықтарға қарамастан, жұмыс істеп, нәтижелерге қол жеткізіп, күнделікті стратегиялық шешім қабылдау керек. Кейде шешімдер белгілі бір деңгейде қате болуы да мүмкін. Алайда, басшылық қойған міндеттер бойынша алға жылжуымыз керек. Үкіметтің стратегиялық жоспарын орындауға тиіспіз», — деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Энергетика министрі өз сөзінде осы жылы өзі жетекшілік ететін ведомство стратегиялық жоспарды 100 пайыз орындағанын атап өтті.
«Тіпті кейбір көрсеткіштер бойынша артық нәтижеге қол жеткіздік. Себебі, жұмыс жеткілікті деңгейде жоспарланған болатын. Нағыз мамандардың жұмыс істегені өте маңызды. Бағыма қарай, Энергетика министрлігінде қарапайым қызметкерден басшыларға дейін — нағыз мамандардан құралған ұжым қалыптасқан. Егер осы ұжым болмағанда, басшылықтың алдымызға қойған міндеттерін орындай алмай, қазір алдарыңызда тұрмас едім», — деп түйді Қанат Бозымбаев.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz